Павлодарда «ХАС» қаржы пирамидасының қатысушылары сотталды
Қылмыстық схемадан 500-ден астам азамат зардап шегіп, оларға шамамен үш миллиард теңге залал келтірілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс прокуратурасының мәліметінше, «ХАС» қаржы пирамидасына қатысты қылмыстық іс бойынша сот талқылауы аяқталды.
2022–2023 жылдары Солтүстік Қазақстан облысының тумасы Астана қаласы мен Павлодар облысының тұрғындары арасынан таныстарын тартып, азаматтардың ақшасын жинаған қылмыстық топ ұйымдастырған. Қаражат Астана, Алматы, Павлодар, Екібастұз және басқа қалалардың тұрғындарынан тартылған.
Жоғары табыс туралы уәдеге сенген 376 азамат қаржы пирамидасының қатысушыларына екі миллиард теңгеден астам қаражат берген.
Топты ұйымдастырушы кінәлі деп танылып, бас бостандығынан айырылды. Қалған қатысушыларға да әртүрлі жаза түрлері мен мерзімдері тағайындалған.
Қылмыстық жолмен алынған мүлік тәркіленді. Оның ішінде Астана мен Павлодар қалаларындағы жер учаскелері мен пәтерлер, 18 автокөлік және 300 миллион теңгеден астам қаражат бар. Сот үкімі заңды күшіне енген.
Кейін тағы 139 жәбірленуші анықталып, оларға 882,8 миллион теңгеден астам залал келтірілгені белгілі болды. Жаңадан анықталған мән-жайлар бойынша тергеу жүргізіліп, қажетті дәлелдемелер жиналғаннан кейін қылмыстық іс сотқа жолданды.
– Сотта мемлекеттік айыптаушы сенімді дәлелдемелер ұсынып, қылмыстық схеманың жүзеге асырылу тетігін және оның жәбірленушілер үшін салдарын ашып көрсетті. Азаматтардың мүліктік мүдделерін қорғауға және бұзылған құқықтарын қалпына келтіру қажеттілігіне ерекше назар аударылды, – деп хабарлады прокуратурада.
Сот мемлекеттік айыптаушының ұстанымымен келісіп, кінәлі тұлғаларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына кесті.
Прокуратура мәліметінше, қабылданған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы шамамен үш миллиард теңге залал келтірілген 515 азаматтың құқықтарын қорғау қамтамасыз етілді. Келтірілген залалдың бір бөлігі өтелген.
Прокуратура қысқа мерзім ішінде кепілдендірілген аса жоғары пайда табуға уәде беру қаржы пирамидасының негізгі белгілерінің бірі екенін ескертеді. Қаражат бермес бұрын ұйым қызметінің заңдылығы мен тиісті рұқсаттарының бар-жоғын тексеру қажет.