Павлодарлық аналар өздері «қауіп тобында» екенін қалай түсіне алады?

@Pavlodarnews.kz тілшісі облыста патронаждық қызмет қалай жүзеге асатынын анықтап білді.
Әйелдің ана атануы – өмірдің ең маңызды кезеңдерінің бірі. Жүктілік пен босанудан кейінгі уақыт – қуанышқа толы шақ болғанымен, ананың физикалық денсаулығымен қатар психологиялық жағдайына да айрықша назар аударуды қажет етеді. Дәл осы кезеңде патронаждық қызметтің маңызы ерекше. Патронаждық медбикелер тек медициналық бақылауды ғана емес, ананың эмоционалдық ахуалын қадағалап, оның жан дүниесіне қолдау көрсететін сенімді серігіне айналады.
Қазақстанда әрбір әйел әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, міндетті түрде медициналық ұйымға тіркеледі. Ереже бойынша жүктіліктің алғашқы сегіз аптасына дейін есепке тұру қажет. Осы сәттен бастап әйел патронаждық қызметтің бақылауына өтеді.
– Патронаждық медбике жүкті әйелге екі рет барады: бірінші рет – 12 аптада, екінші рет – 32 аптасында барады. Бұл – әмбебап пакет. Яғни Павлодар облысында да, басқа өңірлерде де әрбір әйел осы екі негізгі қабылдаудан өтеді. Медбике үйге барған кезде тұрмыстық жағдайды, ананың әлеуметтік ортасын, отбасындағы қолдауын, білімі мен күнделікті әдеттерін бақылайды, – деді балалар ауруларын біріктіріп басқару жөніндегі аймақтық үйлестіруші Жұлдыз Шайхитдинова.
Оның сөзінше, әйелдің эмоционалдық жағдайын алғашқы әңгімеден-ақ байқауға болады. Егер ол тұйық болса, ашуланшақ жауап берсе немесе үйіне кіргізгісі келмесе, патронаждық медбике оны «қауіп тобына» енгізеді. Бұл жағдайда бақылау күшейтіліп, қосымша қабылдаулар жоспарланады.
Ал кейде алғашқыда тұйық болған әйел келесі кездесулерде ашылып, сенім арта бастайды. Мұндай сенімді қарым-қатынас – психологиялық күйзелісті ерте анықтауға мүмкіндік береді.
Медбикелер арнайы чек-лист негізінде әйелдің өмір салтын сұрайды: дұрыс тамақтануы, ұйқы тәртібі, стресс деңгейі, темекі, алкоголь қолдануы, жүктілікке дайындық деңгейі, отбасы мүшелерінің қолдауы. Осы факторлардың жиынтығы әйелдің тәуекел деңгейін анықтауға көмектеседі.
– Жүкті немесе босанған әйелдер өздерінің психикалық жағдайын ашық айта бермейді. Көбі «бәрі жақсы» деп жасырады. Бірақ патронаждық медбике жанама белгілер арқылы шынайы жағдайды көре алады. Олар: үй күтімсіздігі, ұмытшақтық, балаларға көңіл бөлмеу, ойға шомып кету, ұзақ жауап беру, бейжай, шаршаңқы көзқарас. Бұл белгілер нақты диагноз емес, бірақ күмән туғызады. Мұндай жағдайда әйел қосымша бақылауға алынады, – деді Жұлдыз Шайхитдинова.
Кейде қоғамда депрессия мен психозды шатастырып жатады. Шындығында, бұл екі жағдайдың айырмашылығы өте үлкен. Бірінші ол депрессия кезінде әйелдің көңіл-күйі төмендеп, есте сақтау қабілеті әлсірейді, бірақ ол баласына зиян тигізбейді. Аналық түйсігі сақталады, ал екінші ол күрделі психоз кезеңі, ол кезде әйел өз әрекетін толық бақылай алмайды. Ол қауіпті қадамға барып, өзіне де, балаға да қауіп төндіруі мүмкін.
– Мысалы, баланы дұрыс киіндірмеу, суық күнде далаға жеңіл шығарып жіберу немесе тамақтандырмау – психоздың салдары болуы мүмкін. Бұл кезде жағдайдың қауіптілігі артады, – деді Жұлдыз Шайхитдинова.
Патронаждық медбике мұндай белгілерді байқаса, дереу дәрігерге хабарлайды. Қажет болса, әлеуметтік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары да тартылады.
– Облыс бойынша соңғы сегіз айда 20-дан астам әйел белсенді бақылауда тұр. Олардың басым бөлігі – депрессияға бейім аналар, психозға шалдыққан әйелдер тіркелмеген. Мұндай әйелдер психологқа жіберіледі. Ал егер психоз анықталса, психиатрдың араласуы қажет болады, – дейді дәрігер
Әрбір патронаждық медбике 300 бала мен 50-ге жуық әйелді бақылайды. Бір күнде сегізден артық адамға баруға болмайды, өйткені әр отбасыға кемінде 40–60 минут уақыт бөлінуі керек.
– Жағдайы нашарлаған әйелге «аналар мектебіне» баруды, психологпен жұмыс істеуді ұсынады. Сондай-ақ, дұрыс тамақтану, ұйқы режимін сақтау, физикалық белсенділік сияқты қарапайым ережелердің де үлкен маңызы бар, – деді дәрігер.
Патронаждық қызмет – бұл тек медициналық тексеріс емес, ананың жан дүниесіне демеу болып, оны жалғыз қалдырмайтын жүйе.