Павлодарда Ксенон және Led шамдарымен жүрген жүргізушілер жазаланды
Автокөлік иелеріне 15 АЕК мөлшерінде айыппұл салынды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, мұндай бұзушылықтар «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында анықталуда.
- Павлодар қаласында Толстой-Абай көшелерінің қиылысында Ваз - 21102 маркалы автомашина тоқтатылды. Онда тұманды фаралардың орнына лед-фаралар орнатылғаны анықталды. Ал көліктің өзге жарық беру құралдары да түгел болмаған. Көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзғаны үшін жүргізуші жазаланып, 15 АЕК мөлшерінде айыппұл арқалады,- деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Тәртіп сақшысы өндіруші шығарған шамдарды қуатты шамдармен ауыстыру заңсыз екенін атап өтті. Бұл жол қауіпсіздігіне әсер етеді. Жарық шамдарды LED-шамдарға, жарықдиодты немесе Ксенонды шамдарға ауыстырғаны үшін павлодарлықтарға 15 АЕК мөлшерінде айыппұл, ал қайталап бұзғаны үшін 20 АЕК-ті айыппұл салу көзделгенін еске салады.