Павлодарда логопедтер диагностикалаудың заманауи әдістерін таныстырды

Павлодарда логопедтер диагностикалаудың заманауи әдістерін таныстырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Шараға қаланың жалпы білім беретін мектептерінің 40-тан астам логопед-мұғалімі қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдістемелік кабинеті А. Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ «Бастауыш сынып оқушыларында сөйлеу бұзылыстарын диагностикалаудың заманауи әдістері» атты семинар-практикумын өткізді. 

Семинарда Павлодар қаласы білім беру бөлімінің әдіскері Шолпан Нұрахметова жеке тұлғаны дамыту үшін жағдай жасау, заманауи диагностикалық және логопедиялық технологияларды қолдану, оқушылардың арасында жеке және сараланған тәсілді қолдану мәселелеріне тоқталды. Қалалық логопед-мұғалімдер қауымдастығының жетекшісі, № 15 ЖОМ логопед-зерттеушісі Татьяна Прокопенко логопедтік жұмыстағы заманауи білім беру үрдістерін ескере отырып, бастауыш сынып оқушыларында сөйлеу бұзылыстарын диагностикалаудың заманауи әдістерімен таныстырды.  

Педагог-зерттеуші, А. Байтұрсынұлы атындағы ЖОМ логопеді Лариса Карпова «Логопедияда тест диагностикасын қолдану», Феруза Асанова және Айдана Жарылғасина, Қ. Бекхожин атындағы және № 35 мектептердің логопед-мұғалімдері «Логопункт жағдайында бастауыш сынып оқушыларында ауызша сөйлеу бұзылыстарын диагностикалаудың заманауи әдістерін қолдану» тренингтерін өткізді. 

Логопед-мұғалімдердің жұмысында заманауи диагностикалық және жаңа инновациялық технологияларды қолдану білім беру үдерісінің тиімділігін арттыруға, ерекше білім беруді қажет ететін балалармен сабақ өткізуде жағдай жасауға көмектеседі. Семинар материалдары логопед-мұғалімдердің инклюзивті тәжірибесінде қолдану үшін қала мектептеріне жіберілді.