Павлодарда Мәшһүртану мұрасы халықаралық деңгейде талқыланды

Павлодарда Мәшһүртану мұрасы халықаралық деңгейде талқыланды
Фото: автор

Халықаралық конференцияда шамамен 150 ғылыми баяндама ұсынылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодарда Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар, зерттеушілер және ғылыми қауымдастық өкілдері бас қосқан халықаралық ғылыми оқулар өтті. Биылғы басқосу көрнекті әдебиеттанушы, филология ғылымдарының докторы, Мәшһүртану ғылымының дамуына зор үлес қосқан Қуандық Пазылұлы Жүсіптің туғанына 85 жыл толуына арналды.

Халықаралық жиынға барлығы 145 баяндама қабылданып, олар үш секцияға бөлінген. Атап айтқанда, «Мәшһүр Жүсіп мұрасы және қазіргі филологияның өзекті мәселелері» тақырыбында 53, «Гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдардың дамуы: дәстүр мен жаңашылдық» бағыты бойынша 56, ал «Қ.П.Жүсіптің ғылыми-педагогикалық мұрасы» секциясында 36 жұмыс қарастырылды.

Пленарлық отырыста ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлының «Мәшһүр мұрасы және мемлекетшілдік мұрат» тақырыбындағы баяндамасы бейнежазба арқылы көрсетілді.

Зерттеуші ақын еңбектерінде қазақ халқының тарихы, елдік санасы, діни дүниетанымы мен рухани құндылықтары кеңінен қамтылғанын атап өтті.

– Мәшһүр Жүсіп – өз заманының үлкен мінберінде сөйлей білген, елдік абыройы бар тұлға. Ол білім адамы ретінде жастарды ағартуға, ғылымның кең мүмкіндіктеріне шақыра білді. Оның шығармаларында хандар, сұлтандар, билер, батырлар мен шешендер туралы құнды деректер сақталған. Сондықтан тарихи оқиғалар мен тұлғаларға баға бергенде ғұламаның еңбектеріне ғылыми танымның темірқазығы ретінде қараймыз, – деді Дихан Қамзабекұлы.

Сондай-ақ Түркиядағы Ахи Эвран университетінің профессоры Осман Қабадайы шетелде қазақ ойшылының шығармашылығына қатысты жүргізілген зерттеулерге шолу жасады.

Ол 2019 жылы Гази университетінде қорғалған магистрлік диссертацияны, 2021 жылы Ататүрік университетінде дайындалған докторлық зерттеуді және 2023 жылы қазақ ақындарының діни көзқарастарына арналған еңбекті атап өтті. Бұдан бөлек, Түркияда ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы кітаптар мен ғылыми мақалалар жарық көрген.

– Түркияда Мәшһүр Жүсіпке қатысты академиялық зерттеулер әзірге ауқымды ғылыми әдебиет қалыптастырмағанымен, оның мұрасын одан әрі зерделеуге мүмкіндік беретін бірнеше бағыт бар. Атап айтқанда, ақын шығармашылығының классикалық түркі әдебиетімен байланысы, сопылық дүниетанымы мен діни көзқарастары зерттеушілердің назарында, – деді Осман Қабадайы.

Торайғыров университетінің профессоры, журналистика факультетінің меңгерушісі Серік Елікбаев Қуандық Пазылұлы Жүсіптің ғылыми еңбектерін жеті бағыт бойынша саралады. Олардың қатарында көркем мәтінді тану, лирикалық қаһарманның антропологиялық сипаты, ұлттық мәдениеттің тіл арқылы берілуі, әдеби мұраны ғылыми айналымға енгізу және кешенді зерттеу әдіснамасын қалыптастыру бар.

– Қуандық Пазылұлының еңбектерінен оның ғылымға деген ерекше ықыласын байқаймыз. Зерттеулерінде автордың дүниетанымымен, тақырып таңдауымен, образ жасауымен және сөз қолданысымен сабақтастырылады. Ал Көпейұлының шығармаларын жинақтау, қолжазбаларын жүйелеу және жариялау жұмыстары ұлттық мәдени жадыны жаңғыртуға бағытталған, – деді Серік Елікбаев.

Жиында Павлодар облысы мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Алтаев та сөз сөйлеп, Қуандық Жүсіптің атасының рухани мұрасын жинақтау мен кейінгі ұрпаққа жеткізудегі еңбегіне тоқталды.

Оның айтуынша, ғалым 2003 жылдан бастап жарық көре бастаған ақын шығармаларының 20 томдық жинағының жауапты редакторы болған. Сонымен қатар, «Өлең сөздің патшасы», «Қазақ лирикасындағы стиль және бейнелілік», «Көркем сөздің құдіреті» сынды еңбектері әдебиеттану ғылымының дамуына үлес қосты.

– Бұл жай ғана кітаптар жинағын басып шығару емес, тұтас бір дәуірдің рухани мұрасын жүйелеу, ұлт жадындағы құнды дүниелерді сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы жауапты іс. Қуандық Пазылұлының өмір жолы ғылымға адалдықтың, ұстаздыққа құрметтің және ұлттық мұраға жанашырлықтың үлгісі, – деді Қайрат Алтаев.

Ұйымдастырушылардың мәліметінше, халықаралық ғылыми оқулар отандық және шетелдік зерттеушілер арасындағы байланысты нығайтып, Мәшһүртану саласындағы жаңа ізденістерге жол ашады. Басқосу аясында ұсынылған баяндамалар қазақ халқының рухани қазынасын сақтап, оны халықаралық ғылыми кеңістікте танытудың маңызын көрсетті.