Павлодарда мектеп оқушысын автобустан түсіріп кеткен жүргізуші айыппұл арқалады

Кәмелетке толмаған оқушы жасынан ересек көрінгенімен, ол өзімен бірге мектептен берілген анықтаманы ұсынған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Әлеуметтік желілерде баланың әкесі оқиға туралы айтып берді. Оның сөзінше, автобус жүргізушісі көрсетілген құжатты жарамсыз деп танып, 15 жастағы ұлын қажетті аялдамада түсірмей, бау-бақша аумағындағы патрульге дейін алып барған.
– Полиция қызметкерлері анықтаманың дұрыс екенін растады. Бірақ жүргізуші баламды сол жерде қалдырып, кетіп қалған. Бала үйге дейін жаяу келген, – деп жазды павлодарлық тұрғын Instagram парақшасында.
Павлодар облысының бала құқықтары жөніндегі уәкілі Сәуле Шакеневаның айтуынша, баланың әкесі ұлын қоғамдық көліктен мәжбүрлі түрде түсіріп жіберу фактісі бойынша Солтүстік полиция бөліміне арызданған.
– 153 бағыттағы қалалық автобустың жүргізушісі (тасымалдаушы – «Оптимист» Павлодар қалалық мүгедектердің ерікті қоғамы» қоғамдық бірлестігі) көлік нөмірі, оқиға болған күн мен уақыт негізінде жедел анықталды. Жүргізушіге қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 593-бабының 1-1-бөлігі бойынша хаттама толтырылды, – деді Сауле Шакенева.
Оның айтуынша, бұл құқықбұзушылық үшін бес айлық есептік көрсеткіш (19 660 теңге) мөлшерінде айыппұл қарастырылған.