Павлодарда мектеп оқушыларына мамандық таңдауға көмектесуде
Жастар бастамаларын дамыту орталығында «Adviser көрме» өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Кәсіптік бағдар беретін көрмеге жоғары оқу орындары мен колледждер өкілдері, сондай-ақ павлодарлық мектептердің 9-11 сынып оқушылары мен колледждердің соңғы курс студенттерін шақырды.
- Еңбек күніне арналған «Adviser көрме» облыстық білім беру басқармасымен бірлесе өткізілуде. Әрбір мектеп пен сынып арнайы бөлінген уақытта келеді. Бұл адамның шектен тыс жиналмағаны үшін жасалынуда. Мұнда мектеп оқушылары барлығы дерлік колледждер мен университеттердің мүмкіндіктерімен бір жерден таныса алады, - дейді NEET санаттағы жастармен жұмыс орталығының басшысы Жандарбек Қабдраш.
Павлодар жоғары медицина колледжінің кәсіптік бағдар беру жөніндегі әдіскері Айсұлу Тайлақова айтып өткендей, білім беру мекемесінде медбике, акушер, медициналық лаборант, дантист, фармацевт және өзге медиктерді әзірлейді. Жыл сайын колледжді 250-ге тарта түлек бітіріп, өңіріміздегі медмекемелерге жолданады. Жұмыспен қамту көрсеткіші 100 процент.
Колледж ақпараты №26 мектептің тоғызыншы сынып оқушысы Аделя Жампейісованы қызықтырды. Ол болашақта тіс дәрігері болмақшы. Қазіргі кезде ол алгебра, химия, орыс және ағылшын тілін тереңдете оқуда.
Аталмыш мектептің тағы бір оқушысы Егор Емельяненко болса, болашағын барынша ойластырып үлгерген.
- Металлург боламын, менің отбасымда зауытта істейтіндер баршылық. Мұндай шешімге биыл келдім. Оқуға түсу үшін химияны таңдаймын. Жалпы пайдалы іс-шара, мектебімізде де осындай жұмыс жүргізіледі, - деді Егор Емельяненко.
Жыл соңына дейін «Adviser көрмелер» аудандарда да өткізіледі. Ауыл тұрғындары үшін колледждер мен университеттер көшпелі көрмелер ұйымдастырмақ.
Фото: автор