Павлодарда мемлекеттік қызметке қатысты жаңа өзгерістер айтылды
Жаңа заң қызметкерлердің құқығын күшейтеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстанда мемлекеттік қызмет туралы заңға өзгерістер енгізілді. Жаңа түзетулер мемлекеттік қызметті ыңғайлырақ әрі ашық етуге, сондай-ақ қызметкерлердің жағдайын жақсартуға бағытталған.
ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдиннің пайымдауынша, жаңа заңда мемлекеттік қызметшілерге берілетін әлеуметтік қолдау шаралары көбейді. Мысалы, еңбек өтіліне қарай 3-5 күнге дейін қосымша демалыс күндері беріледі.
– Мемлекеттік қызметшілердің еңбек құқықтарын қорғауға ерекше назар аударылып жатыр. Артық жұмыс істеген жағдайда қосымша ақы төлеу немесе демалыс беру қарастырылған, – деді Мадияр Әбілдин. – Демалыс және мереке күндеріндегі жұмысқа келетін болсақ, қызметкерлерге мемлекеттік қызметшінің күндік мөлшерлемесіне сай бір жарым мөлшерден жоғары ақы төленетін болады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызметтің тартымдылығын арттыру көзделіп отыр. Осыған байланысты бір лауазым аясында көлденең мансаптық өсудің тетігі ұсынылды. Бұл жүйе бойынша «Б» корпусы мемлекеттік қызметшілеріне лауазымдық деңгей белгіленеді. Қызметкердің жалақы мөлшері сол деңгейге байланысты болады.
Ал еңбек өтілі кемінде 25 жыл болатын және мемлекеттік не ведомстволық наградалармен марапатталған мемлекеттік қызметшілерге зейнетке шыққанда төрт лауазымдық айлық көлемінде міндетті төлем қарастырылған.
Өңірде мемлекеттік қызметке жастарды тарту мәселесіне де көңіл бөлінуде. Жаңа заңға сәйкес, болашақта мемлекеттік қызметке қажет мамандарды мектеп пен жоғары оқу орындарынан бастап даярлау жоспарланып отыр.
– Кейбір бағыттар бойынша білім алған түлектерге мемлекеттік қызметке конкурссыз орналасу мүмкіндігі берілуі мүмкін, – деді спикер.
Мемлекеттік қызметшілерді қайта даярлау және біліктілігін арттыру мәселелеріне де көңіл аударылды. Қазіргі таңда мемлекеттік қызмет академиясында қайта даярлау курстары, біліктілікті арттыру бағдарламалары, магистратура мен докторантура бағыттары жұмыс істейді.
– Жаңадан қабылданған қызметшілер алты ай ішінде қайта даярлау курсынан өтеді. Ал біліктілікті арттыру курстары әр үш жыл сайын ұйымдастырылады. Қазір курстардың басым бөлігі цифрлық дағдыларды дамытуға, қызметтік әдеп пен мемлекеттік қызметті тиімді өткеруге бағытталған, – деді ҚР мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің Павлодар облысы бойынша департаментінің басшысы Мадияр Әбілдин.
Айта кетейік, Павлодарда мемлекеттік қызметке іріктеу толық цифрлық форматқа өтті. Енді мемлекеттік қызметке үміткерлер eQyzmet ақпараттық жүйесі арқылы байқауға қатысады. Кандидаттар платформада өздігінен тіркеліп, бос лауазымдарды қарап, онлайн өтінім береді. Бұл тәсіл іріктеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.