Павлодарда Мона Лизаның мәрмәрдан жасалған портреті паш етілді

Павлодарда Мона Лизаның мәрмәрдан жасалған портреті паш етілді

Көрмеде табиғи материалдардан жасалған 25 туынды автордың ішкі әлемі мен нәзік өнерге деген махаббатының көрінісін сипаттайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Павлодарлық суретші Елена Шпеттер шығармашылықпен кәсіби түрде айналыса бастағанына небәрі төрт жыл болса да, бұл оның бала күнінен бері жанына  жақын өнері. Мектеп жасында Павлодар қаласындағы көркемсурет мектебін тәмамдаған ол біраз жыл мүлде басқа салада — мейрамхана бизнесінде қызмет еткен. Алайда Калининград қаласына қоныс аударғаннан кейін тағдыр оны табиғи тастармен жұмыс істеу өнеріне алып келді.

– Калининградқа көшкен соң, мені кәріптаспен сурет салуға үйретті. Менің ұстазым Владимир Скварцов маған бар білімін беріп, жанын салды. Егер сол кісі болмағанда, мен бұл жолға түспейтін бе едім деп ойлаймын. Өнер менің ішімде әрқашан өмір сүріп келді, – дейді Елена Шпеттер.

Суретші картиналарын кәріптас, мәрмәр ұнтағы және басқа да табиғи материалдарды пайдалана отырып жасайды. Ол әрбір туындысында бейнеге тек түс пен фактура ғана емес, көңіл-күй мен жан жылуын да сіңіреді. Елена үшін тастың өзі – жай ғана суық қатты зат емес, ол махаббат пен жылу сыйлайтын жұмсақ элемент.

— Тас әрқашан суық әрі қатты деп ойлаймыз. Бірақ мен оны нәзік те жұмсақ етіп көрсетуге тырысамын. Картиналарыма бар жанымды, махаббатымды салып жасаймын. Әр жұмыста менің ішкі күйім, қуанышым бар, – дейді автор.

Көрмесінде 25 жұмыс ұсынылды. Ең алғашқы интерьерлік туындысы — «Қамал» картинасы. Елена үшін ең қымбат картиналардың бірі — мәрмәр үгінділерінен жасалған Джоконда суреті. 

– Мен ол картинаны сипап, қолын ұстағанда ішімнен бір жарық аламын. Бұл туынды маған ерекше рухани жылу береді, — дейді ол.

Көрменің тағы бір ерекшелігі – кейбір картиналарда қолданылған тастарды Елена балаларымен бірге өзен жағасынан жинаған. Бұл шығармашылық процеске отбасы болып қатысу – туындыларға ерекше мән мен жылулық сыйлайды.

Елена Шпеттердің интерьерлік өнері  бұл жай ғана әсемдік емес, бұл жүрекпен жасалған бейнелер. Тасқа түскен нәзіктік көрмесі 20 шілдеге дейін жалғасады. Табиғи тастардың әуенімен өрілген картиналар көрерменді тыныштыққа, шабыт пен сезімге жетелейді.

Әмина Жеңіс