Павлодарда «Музарт» тобы рухани кеште ән шырқап, тыңдарманмен жүздесті
Ертіс-Баян өңірінде өнерсүйер қауымның басын қосқан «Қазақша ән саламыз» жобасы аясында ерекше рухани кеш өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі
Кештің қадірлі қонақтары – тыңдарман жүрегінен орын алған бірегей өнер ұжымдарының бірі МузАрт тобы болды. Ширек ғасыр бойы бір сахнада өнер көрсетіп келе жатқан Мейрамбек Бесбаев, Сәкен Майғазиев және Кенжебек Жанәбілов павлодарлықтармен бірге ән шырқап, көрермен сұрақтарына жауап берді.
– Павлодар қаласына келген сәттен бастап бізді ерекше ықыласпен, құшақ жая қарсы алғандарыңызға шын жүректен қуаныштымын. Наурыз айында келіп, сәуірде аттанып бара жатқаным да бір ерекше әсер қалдырды. Кеше бір концерт берсек, бүгін қатарынан екі концерт қойылып жатыр. Соның арасында Достық үйіне келіп, ең бастысы – халықтар арасындағы шынайы татулық пен бірлікті көрдік. Көпұлтты ел ретінде осындай сыйластықтың сақталуы – үлкен байлық деп білемін, – деді Сәкен Майғазиев.

Сондай-ақ, ол осында үлкен кісілермен жүздесіп, қарапайымдылықтың, тәрбиенің үлгісін көргендерін, тіпті Шәкәрім Құдайбердіұлы атамыздың ұрпағымен кездесудің өзі олар үшін зор мәртебе болғанын атап өтті. Сонымен қатар, барлығының қазақ тілінде ән шырқап, қазақ тілінде сөйлеп жатқанын көріп, бұл мемлекеттік тілге деген үлкен құрметтің айқын көрінісі екенін айтты.
Кеш барысында өнер иелері жерлесіміз, Мұзафар Әлімбаев сөзіне жазылған «Маралдым» әнін және Ескендір Хасанғалиевтің «Өз елім» әнін көрерменмен бірге шырқады.
Бұдан бөлек, ширек ғасыр бойы бірге еңбек етіп келе жатқан әншілерге шынайы достықтың мәні туралы сұрақ қойылды.

– Біз достығымызды ешқашан дүниемен өлшеген емеспіз. Студент кезден бірге өсіп, қуанышымыз бен қайғымызды ортақ бөлісіп, бір үйдің баласындай болдық. Сондықтан ұзақ жылдар бойы бірге келе жатқанымыз – өзара құрмет пен тәрбиенің нәтижесі деп білеміз. Сахна бәрімізге ортақ жол болғандықтан, бізде бәсеке емес, керісінше бір-бірімізді қолдау әрқашан алдыңғы орында. Сол ауызбіршілік біздің достығымызды нығайтып келеді, – дейді Мейрамбек Бесбаев. – Ертіс-Баян елі де бізге жақын әрі ыстық. Осы өңірге талай рет келіп, өнердің арқасында көптеген достар таптық, әр сапар сайын сол жандармен қайта қауышып, марқайып қаламыз.

Кеш соңында өнер иелері павлодарлық көрерменге алғыстарын білдіріп, мұндай кездесулердің рухани байланыстарды нығайта түсетінін атап өтті.