Италияда павлодарлық сырнайшы шеберлігімен жүлделі орынды иеленді

Италияда павлодарлық сырнайшы шеберлігімен жүлделі орынды иеленді
Фото: pixabay.com

Ол 2021 жылы беделді әлем кубогының тұңғыш қазақстандық жеңімпазы атанған болатын, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Музыка колледжінің түлегі, сырнайшы Олжас Нұрланов Италияда өткен 77-ші Әлем кубогы мен Кастельфидардо қаласында өткен Pif-49-Mo Premio Internazionale Fisarmonica Castelfidardo байқауларда өнер көрсетті. Олжас Нұрланов Қазақстан атынан шығып, халықаралық байқау аясында екі номинация – классика және эстрада бойынша өз шеберлігін тағы да дәлелдеді. Байқауға 23 елден 110-ға жуық музыкант қатысты.

Биыл мен өзім үшін жаңа санатта өнер көрсеттім, өйткені негізгі санаттағы мақсаттарыма жеттім. Эстрадалық бағытта бағымды сынап көруді шештім, себебі бұл жанр маған әрқашан қызықты болған. Концерттерімде осы бағыттағы туындыларды орындайтынмын, бірақ эстрадалық-джаз жанрындағы байқауға қатыспаған едім. Менімен бірге отандасым Елжан Жетпіс те осы санатта өнер көрсетті. Осылайша, конкурстың екінші және үшінші жүлделерін қазақстандықтар алды. Бұл – біздің еліміз үшін тарихи сәт болды, өйткені эстрадалық санатта алғаш рет қазақстандық орындаушылар жүлдеге ие болды. Мен үшін бұл өте құнды әрі қызықты тәжірибе болды, – деп бөлісті Олжас Нұрланов.

Оның сөзінше, эстрадалық орындауда классикалық дайындықтың маңызы зор, себебі шеберлік пен икемділік қажет. Сондай-ақ, орындаушының халықпен байланыс орнатып, тыңдармандарын өз өнерімен баурап алуы маңызды.

Қазіргі уақытта Олжас Нұрланов Германия, Сербия, Швейцария және өзге елдерде белсенді түрде концерттік қызметін жалғастыруда.