Өтпелі шақ, махаббат: Павлодар облысында сегіз кәмелетке толмаған табылды

Өтпелі шақ, махаббат: Павлодар облысында сегіз кәмелетке толмаған табылды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың барлығы үйлеріне қайтарылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, әлеуметтік желілерге жоғалған адамдар туралы хабарламалар күн сайын түседі.  

Ағымдағы жылы із-түзсіз жоғалған 56 адам іздеуде болды. Жедел қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесінде 41 адамның орны анықталды. Сонымен қатар, сегіз кәмелетке толмаған іздестіріліп, барлығы үйлеріне қайтарылды. Олардың үйден кетуінің себептері – отбасындағы мәселелер, өтпелі жас, наразылық және махаббат, – дейді департаментте.  

Бір жағдайда колледж студентінің анасы үйден кеткен ұлының әлі оралмағанын айтып, полицияға жүгінген. Жасөспірімнің бұған дейін бірнеше рет үйден кеткені және бұл әрекеті үшін полицияның бақылауына алынғаны анықталды. Сот шешімі бойынша мұндай тәртібі үшін жасөспірім девиантты тәртібі бар балаларға арналған Серебрянск қаласындағы арнайы мектеп-интернатқа алты айға орналастырылған. Оның кезекті рет үйден кетуіне аталған жағдай себеп болуы ықтимал. 

Кәмелетке толмағандарды іздеумен полиция қызметкерлері,  ізкесуші иттер мен еріктілер айналысқан. Араласатын ортасы және баруы мүмкін барлық жер пысықталды. 

Іздестіру іс-шараларының нәтижесінде жедел уәкілдер жасөспірімді елорданың әріптестерімен бірлесіп, үш тәуліктен кейін Қосшы ауылындағы Астана қаласының маңынан тапты. 

Ол өзі елордаға келіп, сауда үйлерін, ойын-сауық орталықтарын аралап, таныстарымен кездескенін айтқан. Жасөспірім анасына тапсырылды. Сот шешімінен кейін ол тәртібін түзету үшін арнайы мектепке жіберіледі.