Павлодарда оқушылар қамшы өруді және киіз басуды үйренді

Павлодарда оқушылар қамшы өруді және киіз басуды үйренді
Фото: Павлодар қалалық білім беру бөлімі

Іс-шараға 8-10 жас аралығындағы «Жігер» клубының 20 тәрбиеленушісі қатысты, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Балалар-жасөспірімдер клубының «Жалын» бөлімшесінде «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы аясында қамшы өру мен киіз басу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді. 

Шеберлік сабақтарын өткізу үшін педагогикалық еңбек ардагері, «Қазақстан Республикасының құрметті азаматы» орденінің иегері Күнекей Резуанова, қолөнерші, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның рекордтар кітабының үш дүркін рекордсмені, Еуразиялық Дизайнерлер одағының мүшесі, «Дара жол» төсбелгісінің иегері, «Көрпе-фест» фестивалінің, «Бесінші көшпенділер ойындарының» қатысушысы, Теміржолшылар кентінің құрметті тұрғыны, тәлімгер Қабдрахман Резуанов, сондай-ақ «Нұр-Ана әлемі» қоғамының өкілдері, № 46 ЖОМ даналық клубы «Ғибрат» әжелер тобының өкілдері қатысты.

Шеберлік сабағы барысында киіз басу әдістері туралы білдім. Киіз қой жүнінен алынады. Маған жүннен жіпті қалай дұрыс иіру, киізді булау, үтіктеу, басу керектігін көрсетті. Бұл өте қызықты, – дейді № 46 мектептің 4-сынып оқушысы Айым Тілеуленова.

№ 46 мектептің 5-сынып оқушысы Ахмет Ералы Қабдрахман Резуановтан қамшы өруден шеберлік сабағына қатысып, қайыстан төрт өрімді қамшы өруді үйренген.

– Ең қиыны өрілген дайын қамшыны сабына байлау болды. Қабдрахман ата қамшының қандай түрлері бар екенін, олардың қалай қолданылатынын айтып, болашақта қамшының басқа түрлерін өруді үйретуге уәде берді, – дейді ол. 

Еске сала кетейік, «Біртұтас тәрбие» бағдарламасының мақсаты  –жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарды бойына сіңірген еңбекқор, адал, саналы, жасампаз азаматты тәрбиелеу.