Павлодарда оқушылар болашақ ұрпаққа уақыт капсуласын қалдырды

Павлодарда оқушылар болашақ ұрпаққа уақыт капсуласын қалдырды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Павлодарда «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында прокурорлар мен мектеп оқушылары бірігіп ағаш көшеттерін отырғызды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Экологиялық шара барысында оқушылар прокурорлармен бірге жас көшеттер отырғызып, туған қаланың жасыл желегін көбейтуге үлес қосты. Алайда бұл күннің басты ерекшелігі балалардың болашаққа өз қолдарымен хат қалдыруы болды.

Оқушылар уақыт капсуласына хаттарын, суреттері мен ізгі тілектерін салып, оны келешек ұрпаққа аманат етті. Балалар өз қаласын және қоршаған ортаны болашақта қандай күйде көргісі келетінін қағазға түсіріп, бүгінгі ойларын ертеңгі қатарластарына жолдады.

Капсула маңына отырғызылған көшеттер де осы идеяның бір бөлігіне айналды. Бүгін кішкентай болып отырғызылған ағаш көшеттері жылдар өте бой түзеп, капсуланы ашатын келешек ұрпақтың көз алдында жайқалған жасыл желекке айналмақ.

Павлодар облысының прокуроры Алмат Байшолақов экологиялық мәдениеттің бала кезден қалыптасатынын атап өтті. Оның айтуынша, табиғатты қорғау туралы айту жеткіліксіз, оны нақты іспен көрсету және кейінгі ұрпаққа жақсы дәстүр қалдыру маңызды.

Осылайша, шара экологиялық акциядан бөлек, ұрпақтар сабақтастығын көрсететін тағылымды бастамаға ұласты. Оқушылар табиғатты қорғау үлкен істерден емес, әр адамның күнделікті әрекетінен басталатынын түсінді. Ал бүгін отырғызылған әрбір көшет пен жерге тапсырылған уақыт капсуласы келешекке қалдырылған шағын аманат іспетті.