Павлодарда облысында мыңға жуық азамат мемлекеттік қызметті үйінен алды

Павлодарда облысында мыңға жуық азамат мемлекеттік қызметті үйінен алды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Өңірде денсаулығына байланысты ХҚКО-ға өздігінен бара алмайтын азаматтарға мемлекеттік қызметтер үй жағдайында көрсетіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы үшін мемлекеттік қызметтердің баршаға қолжетімді болуы маңызды. Осы мақсатта ерекше қажеттілігі бар және жүріп-тұруы шектелген тұрғындарға қызметтерді үйден алу мүмкіндігі қарастырылған.

2026 жылдың басынан бері еліміз бойынша Мемлекеттік корпорация мамандары 12 мыңға жуық азаматтың үйіне барып, тоғыз мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсеткен. Павлодар облысында осы кезеңде мың рет үйге бару ұйымдастырылып, 1252 қызмет көрсетілген.

– Үй жағдайында көрсетілетін қызметтердің арасында паспорт пен жеке куәлік беру, электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеу және тұрғын үй көмегін тағайындау сияқты қызметтер бар. Маманды үйге шақыртуға бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар азаматтар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, денсаулығына байланысты жүріп-тұруы шектелген адамдар және 65 жастан асқан тұрғындар құқылы, – деді корпорацияның Павлодар облыстық филиалында. 

Қызмет алу үшін Мемлекеттік корпорацияның сайтындағы «Қызметтер» бөлімі арқылы немесе 1414 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру қажет.

Одан кейін маман азаматтың үйіне барып, қажетті құжаттарды қабылдайды. Дайын болған мемлекеттік қызметтің нәтижесі де көрсетілген мекенжайға тегін жеткізіледі.

Айта кетейік, ХҚКО-ға өздігінен келе алатын ерекше қажеттілігі бар азаматтар үшін де фронт-офистерде қолайлы жағдай жасалған. Кедергісіз орта қалыптастырылып, кезексіз қызмет алуға құқығы бар азаматтарға арнайы терезелер арқылы қызмет көрсетіледі.

Сонымен қатар, еліміздегі фронт-офистер пандустармен, көмек шақыру батырмаларымен, көру қабілеті шектеулі азаматтарға арналған тактильді тақталармен және арнайы арбалармен жабдықталған.