Павлодарда онкопациенттерге біржолғы төлем ресімдеу жеңілдетілді
Төлем мөлшері 10 АЕК-ті құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық 109 бірыңғай байланыс орталығы баспасөз қызметінің мәліметінше, қала әкімшілігі павлодарлықтарға әлеуметтік төлемдерді алуға өтініштер қабылдау жалғасып жатқанын еске салады.
– Атап айтқанда, онкологиялық аурулармен ауыратын азаматтарға арналған қолдау шарасы туралы хабарлаймыз. Павлодар қалалық мәслихатының 2023 жылғы 13 қазандағы шешіміне сәйкес, онкологиялық аурумен есепте тұрған адамдарға біржолғы әлеуметтік төлем қарастырылған. Бұл төлемнің мөлшері 10 АЕК-ті (39 320 теңге) құрайды, – делінген хабарламада.
Төлемді ресімдеу үшін азаматтар онкологиялық диспансерден анықтама және банктік шоттың бар екендігі туралы хабарлама ұсынуы қажет.
Өтінімді екі жолмен беруге болады: онлайн – egov.kz порталы арқылы немесе қағаз түрінде – Дүйсенов көшесі, 80 мекенжайындағы Азаматтарды қабылдау орталығының 54 және 55-столдарында.
Қала әкімшілігі азаматтардан құжаттарды уақытылы тапсырып, қарастырылған қолдау шарасын пайдалануды сұрайды.