Павлодарлық шаруа қожалықтары субсидия бойынша қарыздарын ала алмай жүр
Салалық кеңес отырысында кәсіпкерлік субъектілерін несиелендіру бағдарламалары мен 2024 жылға арналған қаржыландыру қаражаты талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодарлық шаруа қожалықтары «Атамекен» палатасында субсидиялар бойынша қарыздар туралы айтып берді. Екі шаруа қожалығы облыстық кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Олар мемлекет субсидиялау ретінде төлеуі тиіс жалпы алғанда 85 миллион теңге күтуде.
– Бізге екі хат келіп түсті. «Саржайлау» шаруа қожалығынан 9,6 миллион теңге сомасына отандық асыл тұқымды аналық мал басын сатып алуға субсидия алуға өтінім берілді. Бұл бағыттағы қаражат таусылды, сондықтан біз оған төлей алмаймыз. Өтінім «күту парағында» тұр. Біздің қажеттілігіміз – Ауыл шаруашылығы министрлігіне өтінім берген екі миллиард теңге шегінде. Ақша түскен кезде бірден төлейміз, – деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Төлеген Көшербаев.
Оның айтуынша, «Адис» шаруа қожалығында да осындай жағдай қалыптасқан. Бірақ олар 75 миллион теңгеге өтінім берген.
Ауыл шаруашылығы басқармасы серіктестіктің былтырғы өтінімінен кейін 45 миллионнан қалған он миллионды төлеген. Қалғаны қаражат болған кезге қалған.
Қаражат бөлінген жағдайда шаруаларға субсидия төленетін болады. Әзірге олар «күту тізімінде» тұр.
– Екі шаруа қожалығының өтініштері бар. Бірақ шын мәнінде мәселе күрделі. Бұл бағытта не жасалып жатыр? Осы фермерлердің алдында субсидиялау бойынша қарызды төлеу үшін қаражат қашан болады? – деп сұрады Павлодар облысы кәсіпкерлер палатасының директоры Ерқанат Әбенов.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары жыл сайын субсидиялауға қаражат жеткіліксіз екенін атап өтті.
Басқарма бұл үшін қаржыландырудың шектеулі көлемін алады.
– Алты миллиард шегінде қаражат жетіспейді. Өткен жылы қараша айында бұл ақша берілген, біз барлық қарыздарымызды жауып, іс жүзінде нөлге тең шықтық, – деді Төлеген Көшербаев.
Бұдан бөлек, салалық кеңес отырысында кәсіпкерлік субъектілерін несиелендірудің қолданыстағы мемлекеттік бағдарламалары, сондай-ақ 2024 жылға арналған қаржыландыру қаражаты талқыланды.