Павлодарда орман авиациялық қызметінің қатары жаңа тікұшақпен толықты
Нәтижесінде өрт жылдам өшеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Биыл облыста орман өрттерін бақылау мен сөндіру жұмыстары нәтижелі жүргізілді. Ағымдағы маусымда 80 өрттің ішінде, әуеден шамамен қырықтан астам өрт анықталды. Бұл өрттердің шамамен 70 пайызын құрайды. Жалпы өртенген алаң отыз гектар шамасында болды, оның ішінде дала жерлер өте аз.
Авиадесант қызметі орман күзетімен бірлесіп елуден астам өртті шамамен 28 гектар аумақта сөндірді. Бұл бірлескен жұмыстың тиімділігін көрсетіп, шамамен 90 пайыз көрсеткішке жетті. Өрт қауіпті маусымға жалпы 405 сағат 29 минут бөлінді. Осы уақыт ішінде әуе бөлімшесінің қызметкерлері профилактикалық өртке қарсы шаралар жүргізіп, ормандардың санитарлық жағдайын бақылап, заң бұзушылықтарға қадағалау жасады.
Биылдан бастап қалалық авиациялық бөлімшесінде су төгетін құрылғысы бар H125 тікұшағы пайда болды. Бұл техника өрт ошақтарына суды тез жеткізуге, маневрлілікті арттыруға және жерүсті қызметкерлерінің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта облыс аумағында үш тікұшақ бар: «Ертіс орман» резерватында, Павлодар қаласында және Баянауыл ұлттық паркі аумағында.
– Биылғы жылы кіші орман комплекстеріне JAC автокөліктері берілді. Олардың арқасында кіші орман алаңдарын жылдам бақылауға алып, өрт ошақтарына дер кезінде жету мүмкіндігі артты. Олар бізге нақты уақыт режимінде әрекет етуге көмектеседі, – деді қалалық авиациялық бөлімшесінің жетекшісі Шыңғысхан Шайзатхан.
Осы жылы әрбір су бүрку рейсі 600-650 литр су қолданумен жүзеге асырылды. Ірі өрттер тіркелмеді, бұл авиациялық бөлімшенің тиімділігін көрсетті.
Еске сала кетейік, ағымдағы жылы орман өрттері көбейді. Олардың басым бөлігі найзағай салдарынан туындайды. Өңірде өрт көрсеткіштерінің көбеюіне байланысты, мамандар арнайы тексерістер өткізді. Мониторинг аясында бірнеше шаруашылық өртті жасырғаны анықталды.