Павлодарда пәтердегі өрт тез арада сөндірілді

Павлодарда пәтердегі өрт тез арада сөндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Алты адам эвакуацияланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 қараша күні сағат 11:43-те Рылеев көшесіндегі екінші қабаттағы үш бөлмелі пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен.

– Анықталғандай, ас бөлмеде үй заттары, жиһаз және тұрмыстық техника жанған. Жоғары температураның әсерінен созылған төбе мен пластикалық терезе еріді. Үшінші қабаттағы пәтерден өрт сөндірушілер құтқару құрылғысының көмегімен әйелді көшеге эвакуациялады. Баспалдақ маршымен тағы бес адам сыртқа шығарылды, – делінген хабарламада.

Өрт қысқа мерзімде сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталуда. Оқиға орнында облыстық ТЖД күштері мен құралдары жұмыс істеді.

Мамандар тұрмыста өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды еске салады.