Павлодарда педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер бас қосты

Павлодарда педагог-психологтар мен әлеуметтік педагогтер бас қосты
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жиынға өңірдің 100-ден астам маманы қатысып, балалардың құқықтарын қорғау, психологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және білім беру ұйымдарындағы психологиялық-педагогикалық сүйемелдеудің заманауи тәсілдерін талқылады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Секция барысында білім басқармасы, бала құқықтарын қорғау ұйымдары, прокуратура, психикалық денсаулық орталығының өкілдері, ғалымдар мен әдіскерлер сөз сөйлеп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті. Қатысушылар балаға психологиялық қолдау көрсету, қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру және мамандардың өзара іс-қимылын жетілдіру мәселелеріне назар аударды.

Іс-шараның маңызды бөлігінің бірі – «Психологиялық шеберхана» көрмесі. Көрме барысында өңір психологтері өздерінің авторлық әдістемелері мен кәсіби құралдарын таныстырып, тәжірибеде тиімді қолданылып жүрген тәсілдерімен бөлісті.

Конференция қорытындысында білім беру саласында кәсіби біліктілігімен және еңбегімен ерекшеленген үздік мамандар марапатталды.

Мамандардың пікірінше, балаға психологиялық және педагогикалық қолдау көрсету – тек кәсіби міндет емес, сонымен қатар үлкен жауапкершілікті талап ететін маңызды бағыт. Мұндай кездесулер тәжірибе алмасуға, жаңа тәсілдерді меңгеруге және балалардың қауіпсіз әрі қолайлы ортада білім алуына жағдай жасауға мүмкіндік береді.