Павлодарда педагогтарды жұмысқа қабылдау кезінде құқықтық тексерулер күшейтіледі

Павлодарда педагогтарды жұмысқа қабылдау кезінде құқықтық тексерулер күшейтіледі
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Бұл кадрлық саясаттың ашықтығын арттыруды көздейді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс орталығында білім беру ұйымдарына жұмысқа қабылдау мәселелеріне арналған жұмыс кеңесі өтті. Кеңеске Павлодар облысы білім беру басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Азанбаеваның төрағалық етуімен мектеп директорлары мен мектепке дейінгі ұйымдардың басшылары қатысты.

Сондай-ақ ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті Павлодар облысы бойынша қылмыстық саладағы құқықтық ақпарат бөлімінің бастығы Серік Ахметов және аталған департаменттің прокуроры Эльдар Каменов арнайы келіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.

- Әсіресе, білім беру ұйымдарында еңбек қызметін жүзеге асыру кезінде құқығы жоқ, соттылығы бар немесе қылмыстық жауапқа тартылған тұлғаларды жұмысқа қабылдау кезінде абай болу ескертілді. Сонымен қатар, Комитеттің ұсынулары негізінде қаралатын құқықтық сипаттағы өзекті сұрақтар талқыланып, заң талаптарын қатаң сақтау қажеттігі атап өтілді, - делінген хабарламада.

Жиында кадрларды іріктеу кезінде құқықтық тексерулердің маңыздылығы, қауіпсіз білім беру ортаны қалыптастырудағы басшылардың жауапкершілігі мен тиісті мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды күшейту мәселелері қозғалды.

Кеңес қорытындысында білім беру ұйымдары басшыларына еңбек заңнамасы мен қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер талаптарын мүлтіксіз сақтау, жұмысқа қабылдау рәсімдерін ашық әрі заң аясында жүргізу жөнінде нақты тапсырмалар берілді.

Мұндай жиын білім беру саласындағы заңдылықты қамтамасыз етуге, балалардың қауіпсіздігін қорғауға және кадрлық саясаттың ашықтығын арттыруға зор мүмкіндік береді.