Павлодарда полицейлер балалар үйінің ауласын қардан тазалады
Тәртіп сақшылары облыстық мамандандырылған балалар үйінің ауласын қардан тазалауға көмектесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
– Адамдарға көмектесу – біздің жұмысымыздың маңызды бөлігі. Таңертеңнен түскі асқа дейін күректермен қаруланған жауынгерлеріміз қардың қалың қабатын шығарды. Терезеден қарап тұрған балаларды көріп, қуанып қалдық, – деді Павлодар облысы полиция департаментінің қызметкері Фарид Хуснатдинов.
Облыстық мамандандырылған балалар үйінің басшысы Бағдат Кембаева тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
– Биыл өңірде қар көп түсті. Біздің аумақты және ойын алаңдарын қар басып қалып, жүру қиын болды. Полицейлер жұмыстың көптігіне қарамастан, учаскелерді тазартуға уақыт тапты. Ауламыз қардан тазартылып, тамаша болып қалды. Балалар да риза, – деп ризашылығын жеткізді.
Тәртіп сақшылары қамқорлық пен жылулықты қажет ететін балалардың қуанышқа бөленуі жұмысқа деген ынтаны арттыра түсетінін айтады. Олар үшін мұндай іс-шаралар дәстүрге айналған. Полиция қызметкерлері мұқтаж және өздігінен қар шығара алмайтын жандарға аулаларын қар тазалауға көмектесіп тұрады.