Павлодарда полицияда 700-ге жуық әйел қызмет етеді

Облыстық полиция департаментінде жұмыс істейтін арулар құрметке бөленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Депаратмент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Қайыржан Шақарғалиев әйелдерді мерекемен құттықтап, жылы лебізін білдірді.
– Халықаралық әйелдер күні – көктем, бақыт, махаббат және аналар мерекесі. Адал және жанқиярлықпен қиын қызмет атқаратын және заң мен құқықтық тәртіпті сақтайтын ер адамдармен тең дәрежеде тұрған әріптестерімізге құрмет көрсетіп жатырмыз. Ардагер әйелдер мен әріптестерге ризашылық білдіремін, – деді ол.
Полиция қызметіндегі әйелдердің көбі ювеналды полиция, тергеу, зорлық-зомбылықтан қорғау бөлімінде жұмыс атқарады. Ал криминалдық полиция, ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасы, учаскелік полицияда еңбек ететіндер өте аз. Бүкіл облыста тек бес адам осындай бағыттағы жұмысты атқарады. Мысалы әйелдерді зорлық- зомбылықтан қорғау тобының 27 жастағы инспекторы Арина Мусина өз жұмысын өте жақсы көреді.
– Бұл қызметте 2023 жылдан бастап жұмыс істеп жүрмін. Оның алдында кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция инспекторы болдым. Полиция қызметі балалық арманым еді. Жалпы қызметте жүргеніме алты жыл, – деп атап өтті Арина Мусина.
Оның сөзінше, заңдағы өзгерістерге байланысты облыста жаңа бөлім ашылды.
– Әйелдердің құқықтарын қорғаймыз, балаларға қатысты зорлық- зомбылыққа қарсы күрес бойынша жұмыс жасаймыз. Материалдарды тіркейміз. Қылмыстық, әкімшілік құқық бұзушылықтарды тергеп, сотқа жіберіп, жауапкершілікке тартамыз, – деді Арина Мусина. – Әрине, әр жұмыстың қиындығы болады. Өзіме жұмысым ұнайды, қатты қиын деп айта алмаймын.
Облыстық полиция департаментінде 700-ге жуық әйел қызмет атқарып жүр.
«Құқық тәртібін қамтамасыз етуде үздік шыққаны үшін» медалімен Шарбақты ауданы полиция бөлімі штабының аға инспекторы Гүлмира Ғайбышева және Павлодар қаласының полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының инспекторы Нұрзия Баужанова марапатталды.
«Ішкі істер органдарының үздігі» төсбелгісімен ювеналды полиция бөлімінің аға жедел уәкілі Динара Баяндинова және Павлодар қаласы полиция басқармасы көші -қон полициясының инспекторы Салтанат Сыздықбаева, Ертіс ауданы полиция бөлімінің ғимараттарды қорғау тобының полицейі Елена Бабич марапатталды.
Іс-шараға полиция қызметкерлерінің аналарын Алғыс хатпен марапаттау рәсімі ерекше болды. Марапатталған полиция аналары арасында Айбат Ыбыраева мен Анастасия Сахипова бар.