Павлодарда республикалық домбырашылар конкурсы өтеді
Іс-шара Қазақ ССР-інің Халық әртісі, дәулескер күйші Рүстембек Омаровтың 105 жылдығына арналған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
12-15 қараша аралығында бірінші республикалық «Жастық шақ» атты домбырашылар конкурсы өтеді. Ұйымдастырушылар – Павлодар қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі, Естай атындағы мәдениет сарайы, Иса Байзақов атындағы Павлодар облыстық филармониясы, «Музыкалық колледж - дарынды балаларға арналған музыкалық мектеп-интернаты» кешені.
– Сіздерді Естай атындағы мәдениет сарайында 12 қараша күні сағат 18.00-де конкурстың ашылу салтанатына, 15 қараша сағат 15.00-де байқаудың гала-концертіне шақырамыз, – деп жазылған хабарламада.
Қазақ КСР халық әртісі, күйші-домбырашы Рүстембек Омаров Бейсенұлы 1919 жылы Павлодар облысында дүниеге келген. Ұлы Отан соғысына қатысқан. Ленинградта (Санкт-Петербург) музыка училищесін, Алматы консерваториясын бітірген. 1934 жылдан Қазақ халық аспаптары оркестрінің домбырашысы, концертмейстері, солист-домбырашысы, сонымен қатар консерваторияда сабақ берген.
Ә.Есқалиев, Қ.Ахмедияров сияқты көптеген күйшілерді даярлады. Қазақ халық күйлері мұрасын, әсіресе Құрманғазы күйлерін, оның орындаушылық дәстүрін жетік меңгерген. Ол 1988 жылы дүниеден озды.