Павлодарда сұлу болғысы келген әйел абайсызда алаяқтарға алданды

Павлодарда сұлу болғысы келген әйел абайсызда алаяқтарға алданды
Фото: pexels.com

Ол қысым астында қосымша косметологиялық қызмет пен күтім заттарын несиеге алған, деп хабарлайды @Pavodarnews.kz.

Өткен жылдың қараша айында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшалардың бірінде клиникадағы тегін косметологиялық қызмет туралы жарнаманы көріп, пайдаланған тұтынушы жүгінді. Әйелге тегін косметологиялық қызмет барысында косметологтың ұсынысы бойынша 200 мың теңгеге күтім жасайтын косметика жиынтығын сатып алды. Сондай-ақ, қосымша 200 мың теңгеге тағы бірнеше ақылы косметологиялық қызмет жасалды. 

– Тұтынушы қызметкерлер оның телефонын тартып алып, өздері несие рәсімдей бастағанын айтқан. Яғни, ол қыспақпен қосымша қызмет пен косметика алған, – деді департаментте. 

ҚР Заңының 28-бабының 1,4-тармақтарына сәйкес орындаушы жұмыс режимін ескере отырып, тұтынушыға қолайлы уақытта тиісті сападағы қызметті еркін таңдауды қамтамасыз етуге міндетті. Тұтынушыны өзіне қажет емес мөлшерде немесе ассортиментте бар басқа қызметті сатып алуға мәжбүрлеуге тыйым салынады. Департамент өз кезегінде тұтынушыға сотқа дейінгі талап қоюға көмектесті. Нәтижесінде косметологиялық қызметтер клиникасы тұтынушыға 400 мың теңге сомасына ақшалай қаражатты қайтарып берді.

Облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тұтынушыларға қызметтер мен тауарларды таңдауға, әсіресе косметология саласында мұқият қараудың маңыздылығын еске салады. Қызметті сатып алмас немесе тапсырыс бермес бұрын қызмет көрсету шарттарымен мұқият танысып, компанияның беделін зерттеп, интрузивті жарнамаға алданып қалмауға кеңес беріледі.

Бұдан басқа, тұтынушылардың құқықтары бұзылған жағдайда Е-otinish бірыңғай ақпараттық жүйесі арқылы өтініш беруге немесе департаменттің (7182)55-10-70 жедел желісіне қоңырау шалу ұсынылады.