Ақсу қаласы жылыту маусымына дайын: қазандықтар жөнделіп, көмір қоры толықты

2025 жылы тарифтік смета аясында ұзындығы 1,025 шақырым болатын құбыр күрделі жөндеуден өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бұл туралы қалада өткен арнайы жиында «Теплосервис – Ақсу» мекемесінің өкілі баяндады. Отырыста Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов та қатысып, атқарылған жұмыстардың сапасына назар аударып, бірқатар ескертулер айтты.
«Теплосервис – Ақсу» өкілінің айтуынша, биылғы жөндеу науқаны аясында 11-13 тамыз күндері алғашқы гидравликалық сынақтар жүргізілген. Бұл кезде 13 шағын аудан қамтылып, 147 көпқабатты үй, 357 жеке үй және 20 әлеуметтік нысан тексерілді. Кейінгі кезеңде – алты шағын ауданға сынақ жасалды: 96 көпқабатты үй, 240 жеке үй және 17 әлеуметтік нысан.
– Сәуір айындағы сынақта 52 ақау анықталып, барлығы жойылды. Ал тамыздағы қайта тексеруде 32 зақым табылды – оның жетеуі магистральді, 25-і аулаішілік желілерде. Бүгінде олардың бәрі қалпына келтірілді, – деді мекеме өкілі.
2025 жылы тарифтік смета аясында ұзындығы 1,025 шақырым құбыр күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмысқа 46 миллион теңге жұмсалды. Сонымен қатар магистральдік желілердің 99 шақырымына ағымдағы жөндеуі жасалды.
Мемлекеттік бюджет есебінен 3,4 миллиард теңге бөлініп, үш, бес және сегіз шағын аудандардағы аулаішілік желілер қайта құрылды. Бірінші кезең 2024 жылы 1,8 миллиард теңгеге атқарылса, екінші кезең 2025 жылы 1,6 миллиард теңгеге орындалды. Барлық жұмыстар 100 пайыз аяқталды.
«ERG» компаниясы да қала инфрақұрылымын жақсартуға қосымша үлес қосқан. Облыс әкімнің мәлімдеуінше, өткен жылы акционерлермен арнайы келісім жасалып, үш миллиард теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл қаражат қазандықтарды жөндеуге, магистральдік коллекторды ауыстыруға және желілік жабдықты жаңартуға жұмсалды.
– Бұл инвестициялар тарифке қосылған жоқ. «ERG» тобының акционерлері өз қаражаттарын бөліп, қосымша жауапкершілікті өз мойнына алды. Сондықтан еш күмән болмасын – жылу станциясы толықтай дайын, биылғы жылыту маусымы тұрақты өтеді деп сенеміз, – деді Асайын Байханов.
Қаладағы РОК-2-де қазір үш қазандық жұмысқа дайын. Үшінші және төртінші қазандықтар толық жөндеуден өткен, бесінші қазандықтың ағымдағы жөндеуі 30 қыркүйекте, ал 6-шы қазандықтың күрделі жөндеуі 31 қазанда аяқталады.
Сонымен бірге, сегіз сорғы агрегатының бесеуі ауыстырылды, магистральдік құбырлар жаңартылып, коллектордың диаметрі үлкейтілді. Қаладағы Ленин көшесіндегі негізгі жылу магистралі толық ауыстырылып, сынақтан өткізілді. Бұрын апатты жағдай жиі қайталанған учаскеде де жаңа шешімдер қолданылып, мәселе түбегейлі шешілді.
Бұдан бөлек, Ақсу қаласында көмірді екі компания – «ПВЛ-Трейд» және «Убунту» ЖШС сатады. Биылғы орташа баға 16 мың теңгені құрап отыр. Әлеуметтік нысандарға қажеттілік – 8668 тонна. Қоңыр көмір 100 пайыз жеткізілген. Халыққа қажеттілік – 50 мың тонна. Қазіргі таңда 11 621 тонна жеткізілді.
10 қыркүйектен бастап әлеуметтік нысандар жылуға 100 пайыз қосылған. Ал көпқабатты үйлерді қосу кестесі бойынша 20 қыркүйекке дейін толық қамтылуы тиіс. Бүгінгі күнге дейін 177 көпқабатты үй жылуға қосылған. Қалқаман ауылындағы қазандық та жаңартылып, ауыл толығымен жылумен қамтамасыз етілді.
Кездесуде облыс әкімі тұрғындар тарапынан наразылық тудырған ыстық судың кеш қосылуына ерекше тоқталды.
– Сіздер алдын ала видео жариялап, «ертең түске дейін қалаға ыстық су беріледі» деп уәде еттіңіздер. Бірақ ол уақытында орындалмады. Тұрғындар үшін себеп түсініксіз, олар тек уәденің бұзылғанын көреді. Бұл – халықтың сеніміне нұқсан келтіреді. Сондықтан келешекте уәде бергенде сақ болу қажет. Техникалық процестің күрделілігін біз түсінеміз, бірақ тұрғындарға уақтылы әрі нақты ақпарат жеткізілуі тиіс, – деді өңір басшысы.
Оның айтуынша, жылыту маусымына дайындық төрт бағыт бойынша тексеріледі: жылу көзі (қазандықтар, жабдықтар), жылу желілері, насостық станциялар, көпқабатты үйлердің ішкі жүйелері. Әкім осы бағыттардың барлығында Ақсуда жұмыс жасалғанын, енді бастысы – белгіленген мерзімдер мен сапаны қатаң сақтау керек екенін атап өтті.