Павлодарда саяжай иесін балтамен ұрған ауыл тұрғынына қатысты сот үкімі шықты
Зардап шегуші балтаның үш соққысынан кейін аман қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Қалалық №2 соты баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылдың күзінде 37 жастағы ер адам таныс әйел мен бірге «Энтузиаст» бағбаншылығындағы бір саяжай үйіндегі төбені жөндеуге барған. Кейінірек, ер адамға қасындағы әйел телефон арқылы саяжайдың иесі оған тиісіп жатқанын хабарлаған. 2022 жылдың 1 қыркүйегінде ер адам арақ ішіп, жағдайды анықтау үшін мас күйінде саяжайдың иесіне барады. Соңғысы жасаған әрекеттерін мойындамағандықтан екеуінің арасында жанжал шыққан.
Ер адам балтаның доғал жағымен қарсыласының басынан екі рет және арқасынан ұрған. Байланбаған иттен қорыққан ер адам таныс әйелмен бірге қашып кеткен. Саяжайдан кетпес бұрын иесінің ұялы телефонын алып, көлігінің әйнегін сындырып кеткен.
«<…> Балта соққысынан зардап шеккен ер адам жедел жәрдем шақыру үшін ұялы телефонын таба алмаған. Түні бойы жатып қалған ол таңертең көршісінің үйіне әрең еңбектеп барып, көмек сұраған», – делінген соттың үкімінде.
Аталған іс қалалық №2 сотында қаралды. Тағылған айыптың кінәсін ер адам толық көлемде мойындап, істеген ісіне өкінген.
Өткен жылдың 2 қыркүйегінде ауыл тұрғынын қамауға алынды. Сот оны ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны, яғни денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін кінәлі деп танылды. Оған бас бостандығын бес жылға шектеу ретіндегі жаза тағайындалды.
Сонымен қатар, айыпталушы 600 мың теңгеден астам сомада материалдық және моральдік залал төлеуі тиіс.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Фото: Константин Шелков