Павлодарда саяжайлардағы ұрлықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Тәртіп сақшылары ұрлықтың алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыстар жүргізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Саяжайларды аралау барысында полицейлер тұрғындарға жеке мүліктің сақталуына мұқият болуды ескертті. Шаруашылық құрылыстары мен бағалы заттарды қараусыз қалдырмау, сондай-ақ аумақта жүрген күдікті адамдар мен көлік құралдарына назар аудару қажеттігі түсіндірілді.
Сонымен қатар, тұрғындардың өтініштері мен шағымдары да назардан тыс қалмады. Полиция қызметкерлері ішкі істер органдарына жүгіну тәртібін түсіндіріп, күдікті жағдайлар туралы құқық қорғау органдарына дер кезінде хабарлаудың маңыздылығын атап өтті.
Профилактикалық іс-шара барысында киберқауіпсіздік мәселесіне де көңіл бөлінді. Полицейлер тұрғындарға интернет-алаяқтықтың кең таралған тәсілдері туралы айтып, бейтаныс адамдарға SMS арқылы келген кодтарды, банк карталарының деректерін және өзге де құпия ақпаратты бермеуге шақырды.
– Халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу – полиция қызметінің маңызды бағыттарының бірі. Біздің міндетіміз – жасалған құқық бұзушылықтарға ден қоюмен қатар, олардың алдын алу. Саяжай алқаптарының тұрғындарын қырағы болуға, өз мүліктерінің сақталуына жауапкершілікпен қарауға және күдікті адамдарды немесе оқиғаларды байқаған жағдайда полицияға дереу хабарлауға шақырамыз. Сонымен қатар цифрлық қауіпсіздіктің қарапайым ережелерін сақтау маңызды, өйткені алаяқтар азаматтарды алдау үшін заманауи технологияларды жиі қолданады, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы қоғамдық қауіпсіздік бөлімі бастығының міндетін атқарушы Берік Каткенов.
Құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарды бейқамдық танытпауға және саяжай аумағында күдікті жағдай немесе құқық бұзушылық байқалған жағдайда 102 нөміріне дереу хабарласуға шақырады.