Павлодарда шетелдіктер сатып алған тауарлары үшін Tax Free жүйесі арқылы ҚҚС-ты қайтара алады
Павлодар облысының орталығы Қазақстандағы Tax Free жүйесі енгізілетін қалалардың қатарына енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жоба Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 4 маусымдағы №363 бұйрығына сәйкес іске қосылды. Оған Еуразиялық экономикалық одаққа кірмейтін елдерден келген шетелдік азаматтар – туристер қатыса алады.
Қосылған құн салығын (ҚҚС) ЕАЭО-ның кедендік аумағынан сатып алынған тауарларды тікелей алып шыққан жағдайда, азық-түлікке жатпайтын тауарларды сатып алу кезінде қайтаруға болады. Tax Free рәсімдеу үшін бір чектегі сатып алу сомасы кемінде 10 айлық есептік көрсеткіш болуы керек. 2026 жылы бұл сома 43 250 теңгені құрайды.
Сатып алу кезінде сатушы Tax Free құжатын қағаз немесе электронды түрде рәсімдейді. Оның негізі – ҚҚС сомасы бөлек көрсетілген кассалық чек.
Тауарлар ЕАЭО-ның кедендік аумағынан шығарылғаннан кейін, сатып алушыға қаражатты Tax Free жүйесінің операторы қайтарады.
Павлодар Tax Free пилоттық жобасы жүзеге асырылатын 17 қала мен бір елді мекеннің қатарына кірді. Облыс орталығынан бөлек, жүйе Астана, Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Атырау, Балқаш, Қарағанды, Қостанай, Петропавл, Семей, Тараз, Түркістан, Орал, Өскемен, Шымкент қалаларында, сондай-ақ Катонқарағай мен Ақмола облысындағы Бурабай кентінде жұмыс істейді.
Кәсіпкерлер үшін жобаға қатысу тегін. Оған стационарлық сауда орындарында азық-түлікке жатпайтын тауарларды сататын және ҚҚС төлеуші болып табылатын кәсіпкерлер қосыла алады.
Павлодар кәсіпкерлері үшін Tax Free жүйесі шетелдік сатып алушыларды тартудың қосымша құралы болуы мүмкін. ҚҚС-ты қайтару мүмкіндігі туристер үшін тауар сатып алуды тиімдірек етеді. Ал сауда орындары үшін бұл жүйеге қатысу сатылым көлемі мен орташа чектің өсуіне ықпал етуі мүмкін.
Жобаға қосылу үшін кәсіпкер Tax Free жүйесінің операторларының бірімен келісімшарт жасауы қажет. Қосылуға taxfree.kz және globalblue.com сайттары арқылы өтінім беруге болады.