Павлодарда шетелдік нөмірлі көлік иелерінен үш миллион теңге қарыз өндірілді

Павлодарда шетелдік нөмірлі көлік иелерінен үш миллион теңге қарыз өндірілді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Полицейлер мен прокурорлар жол ережесін жүйелі түрде бұзатын жүргізушілерді анықтау мақсатында арнайы рейд өткізді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шара барысында шетелдік тіркеудегі көліктермен ірі көлемде айыппұл жинаған борышкерлер ұсталды.

– Тәртіп сақшылары тоқтатқан Lexus RX330 автокөлігінің жүргізушісі 33 рет ереже бұзған болып шықты. Көрші елдің азаматы осы уақытқа дейін 1,5 миллион теңге айыппұлын төлемей келген. Көлігі тәркіленіп, айып тұрағына қойылатынын білген бойда иесі барлық берешегін сол жерде толық өтеді, – деді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

Тағы бір ірі борышкер Hyundai Sonata көлігін тізгіндеген. Оның есебінде жалпы сомасы 1,3 миллион теңге болатын 31 айыппұл жиналған. Бұған дейін бұл көлік айып тұрағына тоғытылған болатын. Иесі жаяу қалмау үшін мемлекетке тиісті қаржыны толығымен қайтарып, көлігін шығарып алды.

Департаментте шетелдік нөмірлер жауапкершіліктен құтқармайтынын ескертеді. Қазіргі заманауи бақылау жүйелері жол ағынындағы кез келген борышкерді жедел анықтауға мүмкіндік береді.

Ведомство өкілдерінің дерегінше, прокуратурамен бірлескен мұндай рейдтер алдағы уақытта да жалғасын табады. Сақшылар жүргізушілерді жол ережесін қатаң сақтауға және айыппұлдарды уақытылы төлеуге шақырады.