Павлодарда сынамаларды тексеретін орталық екі миллион теңге айыппұл төледі

Құжаттамада мүлдем қате мәлімет жазылған және сол үшін сыйақы берілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» АҚ Павлодар филиалының жоспардан тыс тексеру нәтижелері бойынша аккредиттеу және техникалық реттеу саласындағы заңнаманы өрескел бұзу фактілері анықталды. Бұл туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті мәлім етті.
Филиал ҚР ӘҚБтК-нің 415-1-бабы 1-бөлігінің 1) және 2) тармақтары (Қазақстан Республикасының техникалық реттеу саласындағы заңнамасын бұзу) бойынша алты ай мерзімге аккредиттеу аттестатының қолданылуын тоқтата тұра отырып, 2 359 200 теңге мөлшерінде айыппұл түріндегі жаза тағайындаумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды.
– Тексеру барысында 2024 жылғы 13 желтоқсанда сынақ орталығы автомобиль жолдарын орташа жөндеуге арналған Бх типті, II маркалы ұсақ түйіршікті асфальтбетонды қиыршық тас қоспасына Сынақ хаттамасын заңсыз бергені анықталды. Хаттама үлгілерді нақты іріктеусіз және қажетті зертханалық сынақтар жүргізусіз ресімделді, – деді комитетте.
Орталық маманының түсіндірмесіне сәйкес хаттаманы ресімдеу тапсырыс берушінің ауызша өтініші бойынша жүзеге асырылды. Құжат қате мәліметтерді қамтыды және материалдық сыйақы орнына берілді.
Бұл оқиға сәйкестікті бағалау рәсімдерін қатаң сақтау, сынақтардың объективтілігін қамтамасыз ету және инфрақұрылым объектілерінің қауіпсіздігіне әсер ететін нәтижелерді бұрмалауға жол бермеу қажеттігін атап көрсетеді.