Павлодарда синтетикалық есірткі тасымалдаған курьер ұсталды
Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық прокуратураның координациясымен жүргізілген жедел-іздестіру шаралары барысында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілдері синтетикалық есірткі сатты деген күдікке ілінген ер адамды қолға түсірді.
Тінту кезінде күдіктіден салмағы сегіз грамнан асатын психотроптық зат салынған 16 орама табылып, тәркіленді. Ер адам тыйым салынған заттарды таратумен айналысатын көлеңкелі интернет-дүкеннің заңсыз жеткізушісі екенін мойындаған. Оның айтуынша, куратордың тапсырмасымен ол көрші өңірден шаһарға келіп, аймақ орталығында жасырын орындарға қою мақсатында есірткінің көтерме партиясын алмақ болған.
Облыстық полиция департаменті басшысының бірінші орынбасары Болат Нұрсейітовтің сөзінше, аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тәртіп сақшылары заңсыз есірткі айналымына қатысты кез келген қылмыс немесе құқықбұзушылық туралы 8 (700) 399-01-02 немесе 102 нөмірлеріне хабарлауға болатынын еске салды.