Павлодарда сот зейнетақы мәселесінде ананың құқығын қорғады
Шешім заңды күшіне енді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласының тұрғынына жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде 1992-2001 жылдар аралығындағы мүгедек балаға күтім жасау мерзімін есепке алмаған. Бас тартуға қызының кәмелет жасқа толмаған кезеңіндегі мүгедектігін растайтын құжаттардың болмауы негіз болды.
Тағайындалған зейнетақы мөлшерімен келіспей, талап қоюшы көрсетілген кезеңді еңбек өтіліне қосу құқығын тану туралы талап қоюмен сотқа жүгінді.
Сот талқылауы барысында мұрағаттық медициналық құжаттардың сақтау мерзімі өтіп кетуіне байланысты сақталмағаны анықталды. Бұл ретте соттың белсенді рөлі аясында уәкілетті органдардан ақпарат сұратылды.
Сот, талап қоюшының қызы бала кезінен орташа және ауыр дәрежедегі бронх демікпесімен ауырғанын анықтады. Халық банкі, «Қазпочта» АҚ және білім басқармасының мәліметіне сәйкес, баланың атына мүгедектік жәрдемақысы мен мүгедек бала күтімі бойынша төлемдер салынған арнайы шоттар ашылған. Сонымен қатар, медициналық себептерге байланысты дене шынықтыру сабағынан босату да расталды.
Әлеуметтік кодекстің және даулы кезеңде қолданыста болған заңнаманың нормаларын ескере отырып, сот даулы кезеңді мүгедек баланы күту уақыты деп тануға негіз бар деген қорытындыға келді.
Осы мән-жайларды ескере отырып, әділдік, мөлшерлестік және үйлесімділік пен сенім құқығын қорғау қағидаттарын басшылыққа ала отырып, сот талап қоюды қанағаттандырды.
Сот талап қоюшының 1992–2001 жылдар аралығында 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы күту кезеңін жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін еңбек өтіліне есептеу құқығын таныды.