Павлодарда студенттік жатақханалардың жағдайы тексерілді

Павлодарда студенттік жатақханалардың жағдайы тексерілді
Фото: Диас Жақсылық

Әлкей Марғұлан атындағы педагогикалық университетінің жатақханаларына мониторинг жүргізілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Тексеру жұмыстары республикалық жастар форумы аясында өтті. Оған «Amanat», «Ауыл», «Республика» партияларының жастар қанаттарының республикалық жетекшілері, министрліктің омбудсмені және басқа да ұйым өкілдері бірлесіп қатысты. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің жастар саясаты жөніндегі кеңесшісі Тоқтар Болысовтың айтуынша, мұндай ауқымды тексеру жұмыстары барлық партия өкілдерінің қатысуымен алғаш рет өткізіліп отыр.

– Павлодардағы бірінші және екінші жатақхананы аралап, университеттерде жасалған жағдаймен таныстық. Соңғы үш жылда Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен студенттерді жатақханамен қамту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бүгінде Алматыда хостелдер мен жеке қонақүйлерді пайдалану арқылы барлық студент орналастырылып жатыр. Ел бойынша көшеде қалған студент жоқ, – деді Тоқтар Болысов.

Оның айтуынша, қазіргі тапшылық шамамен 10 мың орын көлемінде, бұл көрсеткіш жыл сайын азайып келеді. 2029 жылға қарай мәселені толық шешу жоспарланған, ал Алматыдан бөлек өңірлерде орын тапшылығы жоқ. Мониторинг барысында комиссия өкілдері өрт қауіпсіздігі, санитарлық жағдай және тұрмыстық жағдайға ерекше назар аударуда.

Ә.Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінің стратегиялық даму және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры Серік Ілиясовтың мәліметінше, оқу орнында 4 500 студент білім алады. Барлық өзге өңірлерден келген студенттерді толық қамту үшін қосымша 700 орын қажет.

– Облыс әкімдігінің қолдауымен негізгі кампустан жаяу қашықтықта орналасқан Абай көшесі, 41 мекенжайындағы ғимарат берілді. Оны қайта құрып, жатақханаға айналдыру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта техникалық тексеру жүргізу және жобалық-сметалық құжаттама әзірлеу кезеңіне дайындық жұмыстары жүріп жатыр, – деді Серік Ілиясов.

Бүгінде университеттің екі жатақханасында 1 450 орын бар. Жоғарғы курс студенттерінің бір бөлігі пәтер жалдауды немесе қонақүйде тұруды таңдайды. Өткен жылы «Сарыарқа» қонақүйінің бірнеше қабаты жалға алынғанымен, биыл бұл тәжірибе қолданылмайды. Оның орнына қонақүйлермен меморандум жасалып, студенттерге төмендетілген бағамен қауіпсіздік қамтамасыз етілмек.

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от Марғұлан Университеті (@margulan_university)