Павлодарда түрмеге шырын қорабы арқылы тыйым салынған зат өткізбек болған

Павлодарда түрмеге шырын қорабы арқылы тыйым салынған зат өткізбек болған

Павлодар қаласындағы №46 түзету мекемесінде сотталған азаматқа тыйым салынған затты жеткізу әрекеті дер кезінде тоқтатылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мекемені Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы құрамындағы 6679 әскери бөлімінің әскери қызметшілері күзетеді.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 17 наурыз күні шамамен сағат 12:15 шамасында тіркелген. Республикалық «Заслон» профилактикалық іс-шарасы аясында сотталғандардың біріне келген сәлемдемені тексеру барысында күмәнді жайт анықталған.

– Тексеру кезінде 6679 әскери бөлімінің бақылаушысы мекеме қызметкерлерімен бірлесіп, тексеру бөлмесінде сәлемдеменің ішін қараған. Нәтижесінде шырын құйылған тетрапакет қорабының ішінен өзіне тән иісі бар жасыл түсті зат табылып, бірден тәркіленді, – деді баспасөз қызметінде. 

Алдын ала мәлімет бойынша, тәркіленген заттың көлемі шамамен екі литрді құраған.

Аталған дерек бойынша ақпарат дереу кезекші қызметке жеткізілді. Қазіргі уақытта табылған заттың нақты құрамын анықтау мақсатында тиісті тексеру шаралары жүргізіліп жатыр.