Павлодарда тұрғындар инженерлік желілердегі апатқа ешкім келмейтініне шағымданды
Қала әкімі жауапты мекемелерге мәселені шешуді тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Шаһар басшысы Хасар Хабылбеков Достоевский көшесі, 39 мекенжайындағы көпқабатты үйдің тұрғындарымен кездесті. Олар сыртқы инженерлік желілерге қызмет көрсету және қоқыс контейнерлерінің орналасуына қатысты мәселелерді көтерді.
Тұрғындардың айтуынша, үйдің сыртқы инженерлік желілерінде ақау пайда болған жағдайда апаттық қызметтер шақыртуға келмейді. Сондықтан олар желілерді коммуналдық меншікке қабылдап, тиісті мекемелердің қарауына беруді сұрады.
– Бізде қандай да бір апат немесе төтенше жағдай болса, ешбір апаттық қызмет келмейді, – деді тұрғындардың бірі.
Хасар Хабылбеков инженерлік желілердің заң бойынша коммуналдық немесе жеке меншікте болуы мүмкін екенін түсіндірді. Дегенмен ортақ пайдаланудағы желілерді тиісті ұйымдардың теңгеріміне беру мәселесі шешілетінін айтты.
– Ортақ пайдаланудағы барлық желіні өз теңгерімімізге қабылдап, кейін тиісті мекемелерге береміз. Су құбырларын су арнасына, электр желілерін ПЭТК кәсіпорнына, ал жылу желілерін жауапты ұйымға тапсырамыз, – деді қала әкімі.
Кездесуде қоқыс контейнерлерінің орналасуы да сөз болды. Тұрғындардың айтуынша, ескі үлгідегі контейнерлер үйге тым жақын орналасқан. Қоқыс тиеу және шығару кезінде қалдықтар тұрғын үйлердің терезелеріне қарай шашылады.
Қала басшысы контейнер алаңын басқа жерге көшіру үшін тұрғындардың ортақ келісімі қажет екенін түсіндірді.
– Егер контейнер алаңының орнын ауыстыратын болсақ, бұл шешімді тұрғындар бірлесіп қабылдауы керек. Өйткені басқа жерде де адамдар тұрады. Сондықтан алдымен өзара келісіп алуларыңыз қажет, – деді Хасар Хабылбеков.
Осыған байланысты тұрғындарға пәтер иелерінің қолдарын жинау ұсынылды. Ал жаңа контейнер алаңын орнату және абаттандыру мәселесі келесі жылы қарастырылмақ.