Павлодарда тұрғындар цифрлық сервистерді пайдалануды тегін үйрене алады
Қазақстанда халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру және мемлекеттік қызметтердің қолжетімділігін кеңейту бағытындағы жұмыстар жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2026 жылдың басынан бері «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы еліміздің ауылдық елді мекендерінде тұрғындарға мемлекеттік қызметтерді онлайн алуды және цифрлық сервистерді пайдалануды үйрету бойынша оқыту жүргізіп келеді.
Бір жарым ай ішінде еліміздің түрлі өңірлерінен 18 мыңнан астам азамат цифрлық сауаттылық бойынша оқудан өткен.
Оқу сабақтарын Мемлекеттік корпорация мамандары ауылдық округтер мен елді мекендерде өткізеді. Сабақ барысында азаматтарға мемлекеттік қызметтерді онлайн режимде алу тәртібі, цифрлық сервистерді пайдалану жолдары және мемлекеттік цифрлық инфрақұрылымның мүмкіндіктері түсіндіріледі.
Сонымен қатар жыл басынан бері «Таным» корпоративтік оқу орталығының қатысуымен облыс орталықтарында 5 мыңға жуық азамат оқытудан өтті.
Павлодар облысында да тұрғындарға заманауи цифрлық сервистерді өз бетінше пайдалануды үйретуге арналған оқу сыныбы жұмыс істейді. Мұнда электрондық мемлекеттік қызметтер мен онлайн-сервистерді пайдалануды тегін үйренуге болады.
Сабақтар сәрсенбі және жұма күндері сағат 12:00-ден 14:00-ге дейін Павлодар қаласы, Генерал Дүйсенов көшесі, 80 мекенжайында өткізіледі.
Бастама азаматтардың цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалануына, мемлекеттік қызметтерді үйден шықпай-ақ онлайн алуға қажетті дағдыларды меңгеруіне мүмкіндік береді.