Павлодарда Тәшенев атындағы мұражай ашылды

Павлодарда Тәшенев атындағы мұражай ашылды
Фото: Павлодар облыстық білім беру басқармасы

Сондай-ақ бедерлі ел тарихындағы ерен тұлғаға мүсін қойылды, деп хабарлайды  @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Көрнекті мемлекет қайраткері атындағы жалпы орта білім беру мектебінде ұлт мақтанышы Ж.Тәшеневтің 110 жылдығына арналған «Жұмабек Тәшенев – өз заманының қайталанбас тұлғасы» атты республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Тарихқа тағзым ретінде ұйымдастырылған бұл шараның мақсаты қайсар мінезді, әділдікті ту еткен Жұмабек Ахметұлының азаматтық ұстанымын ұлықтап, жас ұрпаққа оның өнегелі өмір жолын кеңінен таныстыру, ұлттық сана мен тарихи жадыны тереңдету болды.

Ауқымды конференция аясында пленарлық және тәжірибелік сессиялар ұйымдастырылып, еліміздің әр түкпірінен келген тарихшылар, ғалымдар, ұстаздар мен оқушылар бас қосты. Астана, Қарағанды, Шымкент, Петропавл, Ақтөбе, Түркістан қалалары мен Ақмола облысы, Аршалы ауданындағы Тәшенев атындағы мектептердің өкілдері, жоғары оқу орындарының профессорлары мен облыстың білім беру ұйымдарының қызметкерлері белсенді қатысты.

Конференция шеңберінде ерекше маңызды сәт – Жұмабек Ахметұлына арналған бедерлі мүсіннің ашылуы болды. Ұлы тұлғаның бейнесі бейнеленген бұл туындыны оның келіні Фатима Тәшенова мен ардагер ұстаз Асылбек Бутаканов салтанатты түрде ашты. Сонымен қатар, мектеп қабырғасынан орын алған Жұмабек Тәшенев атындағы мұражайдың лентасы кесілді. Мұражай лентасын Фатима Садыққызы мен «Алтын белгі» үміткері Жүкей Аружан қиды.

Пленарлық бөлімде Тәшеневтің ұрпақтары мен туыстары жүрекжарды сөз сөйлеп, ұлтқа қалдырған асыл мұрасы туралы тебірене әңгімеледі. Жиында алпыстан астам ғылыми-зерттеу баяндамасы тыңдалып, Тәшенев феноменінің түрлі қырлары ашылды.

Тәжірибелік бөлім екі бағытта өтті. Бірінші бағыт – «Ж.Тәшеневтің қоғамдық-саяси қызметі» болса, онда оның жер тұтастығын қорғаудағы рөлі, тың игеру жылдарындағы саяси батылдығы мен мемлекет қызметіндегі ерлігі талданды. Екінші бағыт – «Ж.Тәшеневтің тарихи мұрасы» аясында ел дамуына қосқан үлесі, өмірінің қызықты деректері және бүгінгі жас ұрпақты тәрбиелеудегі үлгісі кеңінен сөз болды.

Шара соңында қатысушыларға арнайы сертификаттар табысталып, конференциядан алған әсерлерімен бөлісті.