Павлодарда төрт ауылдық округ пен кенттің жаңа әкімі сайланды
Сайлауға мыңдаған тұрғын қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысында ауылдық округ пен кент әкімдерін сайлау өтті. Дауыс беру қорытындылары туралы ақпаратты Екібастұз және Тереңкөл аудандарының аумақтық сайлау комиссиялары жариялады.
Екібастұз қаласына қарасты Солнечный мен Жлезнодорожный ауылдық округінде әкімдер сайлауы ұйымдастырылды. Солнечный кентінде дауыс берушілер тізіміне 3552 адам енгізіліп, оның 1778-і дауыс берген.
Сайлау нәтижесі бойынша 1139 дауыс жинап, Солнечный кентінің әкімі болып Асфандияр Тұрлыбеков сайланды. Бұған дейін ол Екібастұз қаласы әкімі аппаратының басты инспекторы қызметін атқарған.
Железнодорожный ауылдық округінде 634 сайлаушының 425-і сайлауға қатысты. Бұл округте екі кандидат бақ сынады. Нәтижесінде Бауыржан Жанайдаров 290 дауыс жинап, ауылдық округ әкімі болып сайланды. Ол таңдауға дейін Шідерті кентіндегі «Юбилейный» мәдениет үйінде жұмыс жасаған.
Сондай-ақ Тереңкөл ауданында Байқоныс және Октябрь ауылдық округтерінің әкімдерін сайлау өтті. Байқоныс ауылдық округінде 800 сайлаушының 419-ы дауыс берген. Дауыспен таңдау қорытындысы бойынша Ерболат Қалиев 317 дауыспен жеңіске жетті. Қазіргі уақытта ол уақытша жұмыс істемейді.
Октябрь ауылдық округінде сайлаушылар тізіміне 473 адам енгізіліп, олардың 256-сы дауыс берген. Екі кандидаттың арасында Әлия Мүкірева 196 дауыс жинап, округ әкімі болып отыр. Ол бұған дейін Октябрь ауылдық округі әкімдік аппаратының әкімі қызметін атқарған.