Павлодар облысында 10 мыңнан астам көлік иесі салық қарызын өтемеген

Уақытында төлемегендерге 2 сәуірден бастап айыппұл есептеледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 10 609 павлодарлық көлік иесінің жалпы сомасы 700 миллион теңгеден асатын салықтық қарызы бар. Ал 2025 жылдың 1 сәуірінде 2024 жылға арналған көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.
– Уақытында төлемеген азаматтарға 2 сәуірден бастап салықтық берешек туралы хабарлама жіберіліп, әрбір кешіктірілген күн үшін өсімпұл есептеледі. 2025 жылдың 1 наурызына дейінгі мәлімет бойынша, Павлодар облысында 140 мыңнан астам көлік иесі тіркелген, олардың меншігінде 200 мыңнан аса көлік құралы бар, – делінген хабарламада.
ҚР Салық кодексінің 493-бабына сәйкес, көлік салығы салық төлеушінің өзі есептеуі тиіс. Мұны Комитеттің kgd.gov.kz сайтындағы «Көлік салығын есептеу» электронды сервисі немесе «e-Salyq Azamat» мобильді қосымшасындағы «Калькуляторлар» қызметі арқылы жасауға болады.
Салық мөлшері айлық есептік көрсеткіштің (АЕК) көлеміне және көлік қозғалтқышының көлеміне байланысты анықталады. Яғни, жыл сайын АЕК мөлшері ұлғайған сайын көлік салығының сомасы да артады. 2024 жыл үшін есептеу кезінде 1 қаңтардағы АЕК мөлшері – 3692 теңге қолданылған.
Департамент салық төлеу – әр азаматтың конституциялық міндеті екенін еске салады және көлік салығын уақытында төлеуге шақырады.