«Кел, балалар...»: «Ақсу» ұлы ұстаз жерлестерін қабылдайды
Павлодарлықтар тәуір нәтиже танытып келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Бүгін Рахман Асуханов шәкірттері қостанайлық «Тобыл Ж» командасын қабылдайды. Қостанайлықтар турнир кестесінде жоғарырақ тұрса да, «Ақсу» бұл матчта оңай шағыла қоймайтын жаңғақ болмақ.
Соңғы екі ойында «Ақсу» жеңіске жеткен болатын. Осының алдында команда Семейде «Елімай» жастарын қапыда қалдырды, жеңіліп жатқан кезде Әлихан Ынтықбаев екі гол соғып, командасына үш ұпай әперді. Естеріңізде болса, сол «Елімай» Павлодарда «Ертісті» ұтып кетіп, Сергей Якушинді жұмыссыз қалдырған еді.
«Тобыл» жастары да соңғы матчта жеңіске жетті. Алайда Виталий Старновский командасы соңғы бес ойында екі мәрте жеңілістің кермек дәмін сезінуге мәжбүр болды. Яғни қостанайлықтарды «Ақсу» үшін алынбас қамал деуге әсте болмайды.
Қарымта шабуылдармен ойнайтын Рахман Асуханов шәкірттері өте сауатты өнер көрсетеді. Оны олар павлодарлық дерби кезінде «Ертіске» қарсы кездесуде көрсеткен болатын. Сондықтан, бүгін Орталық стадионда өтетін ойын қызық болмақ.
Айта кетейік, Қостанай облысы – ұлы ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсариннің туған жері.
«Ақсу» - «Тобыл Ж» 24 шілдеде сағат 19.00-де басталады. Кіру тегін.