Павлодарда тағы бір шағын ауданда «Үйде сөйле» жобасы іске қосылды
Усолка шағын ауданында «Үйде сөйле» жобасы аула клубының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аталған жобаның мақсаты – қазақ тілін оқыту мен қолдануға, сондай-ақ, этносаралық қарым-қатынас тілі ретінде дамытуға мүмкіндіктер жасау. «Ассамблея жастары» үйден алыстамай, қазақ тілін қолжетімді және қызықты форматта қолдануға мүмкіндік жасайды. Мемлекеттік тілді үйретуге еріктілер мен кәсіби педагогтар тартылады.
Шара барысында Павлодар облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі және «НҰР-АНА әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, «Ел анасы» Бақытжамал Максилова «Үйде сөйле» жобасы арқылы мемлекеттік тілді меңгеруді үйден бастаудың маңыздылығын атап өтті
– Біз қай жерде жүрсек те қазақ тілінде сөйлеуге міндеттіміз. Оған еліміздің керемет әншісі Димаш Құдайберген жарқын мысалдың үлгісі болады. Жапония, Қытай, Германия, яғни қай мемлекетте жүрсе де қазақ тілінде сөйлеп, басқа ұлттардың қазақ тіліне деген қызығушылығын тудырып, мемлекетіміздің мәртебесін асқақтатып жүргеніне куәміз. Бірнеше тілді меңгерсек те, өзіміздің ана тілімізді үйрену – азаматтық парыз. Бұл клубқа келушілер өте өнерлі және жан-жақты жастар, – деді Бақытжамал Максилова.
Сондай-ақ 13 округтің қалалық мәслихатының депутаты, «Шаңырақ» қауымдастығы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Нұр-Сәуле Байболатова тұрғындарды акцияға белсенді қатысуға шақырды.
– «Үйде сөйле» жобасы мемлекеттік тілді өте жеңіл түрде үйренуге көмектеседі. Бұл – осымен аталған жоба аясында өткізіліп отырған екінші шара. Бұған дейін Қамзин көшесіндегі клубтың тұрғындары қазақ тілін меңгеру бойынша өте жақсы нәтижелер көрсетті, – деді Сәуле Байболатова.
Шараны тамашалауға келген тұрғындардың арасында қазақ тіліндегі, күнделікті қолданыстағы сөздерден құралған шағын викторина ұйымдастырылып, түрлі сыйлықтар ұсынылды. Сондай-ақ Павлодар қалалық мәслихатының төрағасы Қобланбек Қожиннің атынан атынан қонақтарға балмұздақтар таратылды.
Еске сала кетейік, Павлодар облысы ҚХА, «Ассамблея жастары» ҚБ және «Достық үйінің» бастамасымен өткен жылы Қамзин көшесі, 80 мекенжайы бойынша орналасқан үйде «Үйде сөйле» аула клубы ашылған болатын. Биыл Усолка шағын ауданының тұрғындары да жобаға қатысуға ниет білдірген.