Павлодарда театрсүйер қауым үшін жағымды жаңалық бар

Павлодарда театрсүйер қауым үшін жағымды жаңалық бар
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Ж.Аймауытов атындағы облыстық қазақ музыка-драма театры көрермендерге жаңа қойылым ұсынады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

«Күшік күйеу» комедиясының авторы – көрнекті қазақ жазушысы Тахауи Ахтанов, ал сахнаға лайықтап қойған режиссер – Жангелді Садықов. Премьера 2026 жылдың 20, 21 және 22 мамыр күндері өтеді. Ұзақтығы 1 сағат 30 минут спектакль қазақ тілінде қойылып, орыс тіліне синхронды аудармамен ұсынылады.

«Күшік күйеу» – бүгінгі қоғамның өзекті мәселелерін әзіл арқылы жеткізетін мазмұнды комедия. Басты кейіпкер Бекболаттың көзімен көрермен ауыл мен қала өмірінің айырмашылығын, дәстүр мен заманауи көзқарастың қақтығысын, тіл мәселесінің күрделілігін аңғарады. Қойылымда ұрпақтар арасындағы түсініспеушілік, ұлттық құндылықтар мен отбасыдағы сыйластық терең әрі әсерлі бейнеленген.

Бұл спектакль – тек күлкі сыйлап қана қоймай, көрерменді ойландыратын шығарма. Сахнадағы шынайы өмір көріністері әркімге таныс жағдайларды еске салып, ерекше әсер қалдырады, – дейді театрдың әдеби бөлім маманы Аружан Оразова.

Қойылымға тәжірибелі әрі жас актерлерден құралған кәсіби труппа қатысады. Олардың ішінде Ақық Таспаева, Бахаргүл Құрбанова, Данияр Бауыржанұлы, Жасұлан Әмірхан, Айбек Өмірбек және басқа да талантты әртістер бар.

Еске сала кетейік, театр ұжымы мамыр айына арналған репертуарын жариялады. Ай соңына дейін көрермендер назарына сегіз қойылым ұсынылады.