Галереяны су басқан: Май аудандық ауруханасына зерттеу жүргізіледі

Галереяны су басқан: Май аудандық ауруханасына зерттеу жүргізіледі

Май ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Асайын Байханов аудандық аурухананың жағдайымен танысты, деп хабарлайды  Рavlodarnews.kz.

Әлеуметтік нысан 2009 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде салынған. Консультативті-диагностикалық, физиотерапевтік бөлімше, клиникалық-диагностикалық зертхана, телемедицина кабинеті, функционалды диагностика бөлімшесі, қабылдау бөлімі, стоматолог кабинеті бар. Емхана ауысымына 100 адамды қабылдай алады, 38 стационарлық орын қарастырылған. Штатта 187 адам жұмыс істейді. Оның  28-і дәрігер, 74-і медбике, 27-сі кіші медқызметкер және 53-і басқа қызметкерлер.

– Нысанды іске қосқаннан кейін жарты жылдан соң су басты.  Себебі, біздің жердің топырағы саз балшықты. Дәл осы аумақта жерасты сулары жақын орналасқан. Су ақпан айында пайда болып, қыркүйекке дейін тұрады. Күн сайын жиналған су сорылады. Кейде шамадан тыс көтерілген кезде септикке құюға тура келеді. Ауруханының ішінде су жоқ, алайда топырақ ылғалды, жертөленің іші дымқыл болып тұрады. Нысанды қолданысқа енгізгеннен бері ағымды жөндеу ғана жүргізілген.  Басты мәселе дренаж жүйесіне тіреліп тұр. Әзірге бұл судың қайдан келіп жатқаны беймәлім, – дейді аудан  әкімі Ағыбай Амирин. 

Оның айтуынша, үш қабатты аурухананың жанындағы асхана, кір жуатын орын, залалсыздандыру бөлмесі орналасқан шаруашылық блогының едені отырып қалған, қоршаулары құлаған. Аурухана мен шаруашылық блогының арасын жалғап тұратын жерасты галереяны су басқан. Сондықтан адамдар көше арқылы жүреді. 

– 2010 жылдан бері дренаж жүйесін құру туралы ойламадыңыздар ма?  Оны жасау үшін 14 жыл керек болды ма? Құрылыс басқарамасы техникалық сараптама жасауы тиіс. Техникалық зерттеуден кейін дренаж жүйесі жобаланады. Блокқа апаратын кіреберісті қалыпқа келтіруге бола ма екенін қарастырып, іргетасы мен қабырғаларын бекіту керек. Қабырғалары отырғаны белгілі, бірақ оған  бірінші кезекте су басуы әсер еткен.  Дренаж жүйесін бұру керек. Сонымен қатар септиіктің орнын ауыстырған дұрыс, – деді Асайын Байханов.  

Облыс әкімі ғимаратты қалыпқа келтіру үшін техникалық зерттеу жүргізуге үш ай мерзім берді. Сондай-ақ облыстық құрылыс басқармасына тамыз айында жобалауды бастауды, желтоқсанда дренаж жүйесі бойынша жобаны аяқтаған соң 2024 жылы жүзеге асыру үшін өтініш беруді тапсырды. Әрі қарай бұл мәселе мәслихаттың  бюджеттік  комиссиясы мен әкімдікте  қарастырылады.