Павлодарда Тілендиевтің қызы оркестрмен әкесінің шығармаларына дирижерлық етті

Биыл аса көрнекті композитор Нұрғиса Тілендиевтің туғанына 100 жыл толды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Филармонияда көрнекті композитор, виртуоз-домбырашы, дирижер, КСРО халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Нұрғиса Тілендиевтің жиырма туындысы халықтың көңілін толқытып, жүрегін тебрентті.
Концерттік бағдарламада «Ата толғауы» оркестрлік поэмасы, «Аққу» және «Махамбет» күйлері, «Құстар әні» сияқты тыңдармандардың есінен кетпейтін атақты шығармалар орындалды.
Шығармаларды ҚР еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Талғат Кәрімов жетекшілік ететін Рүстембек Омаров атындағы Қазақ халық аспаптар оркестрі, сондай-ақ Павлодар филармониясының жетекші солистері орындап, көрнекті музыканттың қызы Дінзухра Тілендиева дирижерлық етті.
– Әкем халқын қатты сүйді, бүкіл музыкасын халқы үшін жазды. Ол кісі жұмыста қатал, ал үйде өте жұмсақ болатын, – деп әкесін еске алды Дінзухра Тілендиева.
Әке жолын қуған талантты қыз қазіргі кезде Нұрғиса Тілендиев атындағы «Отырар сазы» мемлекеттік академиялық фольклорлық-этнографиялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері болып қызмет атқарып келеді.
Дирижер алдағы уақытта өңірімізге «Отырар сазы» оркестрімен келіп, әкесінің шығармаларын әуендетіп, шарықтатуға ынталы екенін айтты.