Павлодарда тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады

Павлодарда тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады
Фото: pixabay.com

Ішкі істер министрлігінде мопедті тіркеу тәртібі түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Департамент бастығы - ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев мопедті тіркеу ережелері  мен керекті құжаттар туралы баяндады.

–  Мопедтерді тіркеу үшін тұрғылықты жері бойынша мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына бару қажет. Жеке басын куәландыратын құжат, электронды түрде де болады, мопедтің техникалық құжатын немесе техникалық сипаттамалары туралы мәліметті ұсыну қажет, –  деді ол.

Оның айтуынша, содан соң өтініш толтырып, мопедті тексеріп, сондай-ақ оны тіркеу (0,25 АЕК) және тіркеу туралы куәлік (1,25 АЕК) пен мемлекеттік нөмір (1,4 АЕК) үшін мемлекеттік баждарды төлеу керек.

Ешқандай құжат немесе VIN-код болмаған жағдайда я болмаса қандай да бір себептерге байланысты мопедтің шығарылған жылын белгілеу мүмкін болмаса, оны ішкі істер органдары тексеру жүргізгеннен кейін береді. Бұл ретте оны қарап-тексеру жүргізілген жыл мопедтің шығарылған жылы болып есептеледі.

Мопедті басқару үшін «Жол жүрісі туралы» заңға сәйкес мопедті басқару үшін А1 санаты бар куәлік қажет. Егер жүргізушінің А немесе В санатындағы куәлігі болса, ол да мопедті басқара алады.

Мопедтерге арналған мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері – мопедтерге мемлекеттік нөмір беру қолданыстағы тәртіпке сәйкес жүзеге асырылады.

–  Яғни жүйе автоматты түрде нөмірді таңдайды. Мысалы, дәл осындай тәсіл мотоциклдерге де қатысты қолданылған, – деп жауап берді ведомствоның ресми өкілі. ⁠

Айта кетейік, заңға сәйкес 5 сәуірден кейін тіркелмеген мопедтерді басқаруға тыйым салынады. Құқық бұзушылық анықталған жағдайда Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 590-бабының 2-тармағымен әкімшілік жауапкершілік көзделген (10 АЕК айыппұл).