Павлодар облысы ет көп өндірілетін өңірлердің тізіміне енді
Тоғыз айда өңірде сегіз мың тоннадан астам ет өндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Energyprom.kz сарапшыларының мәліметінше, осы кезеңде елімізде ірі қара мал, шошқа, қой, ешкі мен жылқының жаңа сойылған немесе мұздатылған еті бір жыл бұрынғыға қарағанда 10 пайызға артық өндірілді, барлығы 65 мың тоннадан астам.
Көштің басын 11,5 мың тоннамен Қостанай облысы бастады. Үштікке Солтүстік Қазақстан және Ақтөбе облыстары кірді. Павлодар өңірі төртінші орында.
2023 жылдың қаңтар – қыркүйек айларының қорытындысы бойынша Қазақстан экспортқа 41 мың тонна ет өнімдерін жіберді. Атап айтқанда, Өзбекстанға, Ресейге және Қырғызстанға жөнтелтілді.
Әлемнің қалған елдеріне 1,4 мың тонна жіберілді. Бұл – өткен жылмен салыстырғанда 16,4%-ға аз. Көбіне ет өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері мен Кувейттің тұрғындары алады.
Бағаларға келетін болсақ, сарапшылар Қазақстанда ет пен құс етіне бөлшек бағаның өскенін атап өтті.
Өңірлер бойынша ай сайынғы динамикада бағаның ең көп өсімі Шымкент қаласында тіркелді: 1,4%. Үш облыста — Алматы, Қарағанды және Түркістан облыстарында баға бұрынғы деңгейде қалды. Ақтөбе облысында ет пен құс еті 0,2%, елордада 0,4% арзандады.
Жылдық динамикада ет пен құс еті бағасының ең көп өсімі Ұлытау облысында (12,9%), ең азы Шымкентте (0,6%) байқалды.