Павлодарда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары күшейтілді
Құқық қорғау органдары агрессорларға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Аймақта тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және оның салдарын азайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізілуде. Құқық қорғау органдары агрессорларға түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп, жанжалдың ауыр қылмысқа ұласуына жол бермеуді басты мақсат етіп отыр.
– Біз әрдайым агрессорларға әйелдеріне қол көтермеу керектігін ескертеміз. Полиция шақырған әйел дұрыс әрекет жасайды. Себебі уақытында көмекке жүгінбеу қайғылы жағдайға әкелуі мүмкін. Ертең қандай да бір ауыр қылмыс жасалса, ол үшін жауапкершілік қарастырылған, – деді облыстық полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасы тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес бөлімінің аға инспекторы Индира Жүсіпова.
Шаһарда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына көмек көрсететін дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Полиция оқиға орнына барған кезде, жағдайға байланысты құқық бұзушыны немесе жәбірленушіні оқшаулайды. Егер құқық бұзушы мас күйінде болса, ол уақытша бейімдеу және оңалту орталығына жіберіледі. Ал агрессор есін жиған жағдайда, жәбірленуші әйел балаларымен бірге дағдарыс орталығына орналастырылады.
Дағдарыс орталығы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетеді. Қазіргі таңда орталық агрессорлармен жұмыс істемейді, алайда бұл бағытта арнайы орталық ашу мәселесі көтерілген. Тиісті ұсыныс Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігіне жолданған. Қазір агрессорларға психологиялық көмек тек сот қаулысымен мәжбүрлі түрде көрсетіледі.
Мамандардың айтуынша, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың куәгері болған балалар да жәбірленуші болып саналады. Сондықтан дағдарыс орталығында әйелмен қатар балалармен де жеке жұмыс жүргізіледі. Балаларға арнайы психолог көмегі көрсетіледі.
Биылғы жылдың сәуір айынан бастап құқық бұзушыларға психологиялық көмек көрсету тәжірибеге енгізілді. Жыл басынан бері ішкі істер органдары құқық бұзушылардың мінез-құлқына ерекше талаптар белгілеу жөнінде 42 өтінішхат жолдаған, оның 40-ы қанағаттандырылған. Оның ішінде 10 адам психокоррекциядан өтіп үлгерсе, жеті азамат бұл жұмысты жалғастырып жатыр.
Қазіргі уақытта өңірде «Гендерлік зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн белсенді әрекет» халықаралық акциясы өтуде. Акция кезеңінде өңірде ауыр қылмыстар тіркелмеген.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласында кісі өлтіру деректерінің өсімі тіркелмеген, көрсеткіш өткен жылмен бір деңгейде қалған. Орташа дәрежедегі денсаулыққа зиян келтіру фактілері 21-ден 15-ке, жеңіл дене жарақатын салу 14-тен 13-ке, ал ұрып-соғу деректері 41-ден 32-ге дейін төмендеген.