Павлодарда уақытша ұстау пунктіндегі иттер бұрынғы мекендеріне қайта жіберілуде

Мамандардың айтуынша, жануарлар агрессиясыз және адамдарға үйретілген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық ветеринарлық станциясының мәліметінше, уақытша ұстау пунктінде болған иттердің өздері өмір сүрген аумақтарға қайта шығарылып жатыр. Бұл шара Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы №171 бұйрығымен бекітілген қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылуда.
– Барлық иттерге тиісті ветеринариялық шаралар толық көлемде жүргізілді. Олар чиптеліп, дерекқорға енгізілді, құтырмаға қарсы егілді және стерилденді. Мамандардың айтуынша, бұл жануарлар агрессивті емес, адамға үйретілген, сондай-ақ тұрғындар үшін ешқандай қауіп төндірмейді, – деді облыстық ветеринарлық станцияның аулау қызметі.
Ведомство тұрғындарды түсіністікпен қарауға шақырады және бұл жұмыстар жануарлардың құқығын сақтай отырып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында атқарылып жатқанын атап өтеді.