Павлодарда учаскелік инспектормен QR-код арқылы байланысуға болады
Тұрғын үйлердің кіреберістеріне полицейлердің байланыс деректері орналастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Оңтүстік полиция бөлімінің қызметкерлері көппәтерлі тұрғын үйлерде ақпараттық-профилактикалық жұмыстар жүргізіп жатыр.
Тұрғындар өз учаскелік инспекторымен оңай байланысуы үшін кіреберістер мен ақпараттық стендтерге қызметтік деректер, WhatsApp нөмірлері және QR-кодтар орналастырылды.
– Тұрғындар өз учаскелік полиция инспекторымен тікелей байланысып, қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты мәселелер туралы хабарлай алады, сондай-ақ қажетті түсіндірмелер ала алады, – деп хабарлады облыстық полиция департаментінде.
Полицейлер профилактикалық жұмыс барысында интернет-алаяқтықтан сақтану жолдарын да түсіндіруде. Көппәтерлі үйлерде алаяқтық әрекеттерді дер кезінде анықтауға көмектесетін ақпараттық материалдар орналастырылған.
Тәртіп сақшылары банк картасының деректерін, PIN-кодтарды, парольдер мен SMS арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға бермеуді ескертеді. Сондай-ақ күмәнді сілтемелерге өтпеуге және белгісіз адамдардан келген қоңыраулар мен хабарламаларға сақтықпен қарауға кеңес береді.